Accessibility links

Ақтауда полиция француз режиссері Венсан Прадоны ұстады


Маңғыстау облысы бойынша миграциялық полиция басқармасы ғимаратының алды. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.
Маңғыстау облысы бойынша миграциялық полиция басқармасы ғимаратының алды. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің миграциялық полиция басқармасы Ақтауда француз кинорежиссері Венсан Прадоны полицияның ұстауына қатысты комментарий беруден бас тартты.

Жергілікті белсенділердің хабарлауынша, Венсан Прадо мен онымен бірге жүрген аудармашы Данара Исметованы полиция 27 қыркүйек күні таңертең сағат 9.30-да 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасының куәгерінен сұхбат алып тұрған жерінен ұстап әкеткен.

Миграциялық полиция басқармасына барған Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді басқарма кеңсесіне кіргізбеді. Тілшіге өзін Жандос Қалмырзаев деп таныстырған миграциялық полиция қызметкері шығып, Франция азаматының бөлімде отырғанын және оны тексеріп жатқанын айтты. Қалмырзаев француз азаматын ұстау себебін айтпады. Азаттық тілшісін Қалмырзаев пен тағы бірнеше миграциялық полиция қызметкері сыртқа күшпен итеріп шығарды. Өткізу бекетінің есігі ішінен ғана ашылады.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті миграциялық полиция басқармасының ғимараты. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.
Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті миграциялық полиция басқармасының ғимараты. Ақтау, 27 қыркүйек 2018 жыл.

Бұған дейін Данара Исметова Азаттық тілшісімен телефонмен сөйлескенінде екеуін "Ардақ Қожашев есімді қызметкер" ұстап отырғанын айтқан. Оның сөзінше, Прадоның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырып жатыр. Кейінірек Прадоны әкімшілік сотқа апаруы мүмкін.

Азаттық тілшісі облыстық ішкі істер департаментіне Венсан Прадо мен оның аудармашысын ұстау туралы ақпарат беруді сұрап хабарласқанымен, департамент баспасөз қызметі ресми сауал жолдауды сұрады.

Венсан мен оның аудармашысының ұсталғанын азаматтық белсенді Ғалым Ағелеуов Facebook парақшасында хабарлаған. Оның сөзінше, Прадо Франция телеарнасына Жаңаөзен оқиғасына жеті жыл толуына байланысты бейнехабар түсіріп жүрген.

2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласындағы "Өзенмұнайгаз" компаниясы мұнайшыларының еңбек жағдайын жақсарту, аймақтық, салалық коэффициенттерді төлеу, жалақыны көтеру туралы талаппен бірнеше айға жалғасқан ереуілін полиция бей-берекет жаппай оқ атып таратты. Кейін ресми есеп бойынша, 17 адамның қаза тауып, 100-ден астам адамның жараланғаны анықталды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG