Франциялық журналист және режиссер Венсан Прадо алған уақытша аккредитация Қазақстанның барлық аймағында түсірілім жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Азаттыққа Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында Прадоның аккредитациясы 27 қыркүйекте аяқталғанын, кейін қайта өтініш жазған соң 10 қазанға дейін ұзартылғанын жазған.
"Ligne de Front студиясының режиссері Винсен Прадо Астана және Алматы қаласында мәдени, әлеуметтік-экономикалық тақырыпта деректі фильм түсіруді жоспарлады. Оның ішінде Астананың архитектурасы, туризм, кәсіпкерлік, өнер және үйлену той салты тақырыптары бар. Ал екінші рет Шу аймағындағы есірткі бизнесі туралы түсіруге рұқсат сұрады" деп жазған министрлік өкілі ресми жауабында.
Бұған дейін Смадияров Азаттыққа телефон арқылы жауап бергенде: "Прадо аккредитация сұрағанда Маңғыстау облысында түсірілім жасайтынын айтпады" деген. Бірақ Азаттыққа берген жазбаша жауабына қарағанда, Венсан Прадо Қазақстан аймақтарында түсірілім жасауға рұқсаты болған.
27 қыркүйекте Ақтау әкімшілік соты Франция азаматы, Ligne de Front студиясының режиссері, журналист Венсан Прадоға "Қазақстанның көші-қон туралы заңын бұзғаны" үшін 60 мың теңге (шамамен 165 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл салған . Маңғыстауға 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы туралы фильм түсіруге келген режиссер өзіне тағылған айыппен келіспейді.
ПІКІРЛЕР