АҚШ Тәжікстанға шекарада заңсыз есірткі тасымалының алдын алу үшін және терроризммен күресу мақсатында құны 8 миллион доллар болатын әскери жабдықтар берді.
АҚШ-тың Душанбедегі елшілігінің қызметкері Кевин Коверт Тәжікстандағы қауіпсіздік Орталық Азиядағы тұрақтылықтың кепілі екенін айтты. "Тәжікстанға берілген әскери техникалардың құны 8 миллион доллардан асады. Біз әрқашан Тәжікстанға қауіпсіздікті сақтау үшін, Ауғанстанмен шекараны нығайту үшін қолдау білдіреміз" деді ол.
Кевин Коверттің сөзінше, Вашингтон жыл сайын Тәжікстанға 70 миллион доллар көлемінде қайтарымсыз көмек көрсетеді.
Тәжікстан билігі АҚШ тарапынан жасалатын әскери көмектің маңызды екенін айтады. ТР ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов мұндай ынтымақтастық халықаралық терроризммен күресте нәтиже беретінін, қауіпсіздікті нығайтуға көмектесетінін айтады.
Ауғанстанның солтүстік провинциясында "Ислам мемлекеті", "Талибан" сияқты террорлық ұйымдар белсенді әрекет етеді.
ПІКІРЛЕР