Accessibility links

Министр: Банктерге БЖЗҚ-дан тағы қаржы бөлінеді


Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесі (Көрнекі сурет).
Алматыдағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қазақстанда екінші деңгейлі банктерге маңызды жобаларға несие беру үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) 300 миллиард теңге бөлінеді. Tengrinews.kz сайтының хабарлауынша, бұл туралы 11 қазанда қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.

Астанада мәжіліс жиынының арасында журналистер сауалына жауап берген Смайылов Қазақстан Ұлттық банкі президент Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеген 600 миллиард теңгенің жартысын БЖЗҚ-дан, жартысын өз есебінен бөлуді жоспарлап отыр.

"Ол (қаржы - ред.) екінші деңгейлі банктерге коммерциялық, нарықтық мөлшерлеме бойынша қайтарымды түрде беріледі. Бұл қаржы мемлекет басшысы айтқандай экономиканың басым жобаларына жұмсалады" деді министр.

Оның сөзінше, зейнетақы қорындағы қаржы инвестиция ретінде жұмсалып, табыс әкелуі тиіс.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазанның 5-інде халыққа арнаған жолдауында Ұлттық банкке банктерге теңге ликвидтілігін қамтамасыз ету үшін кем дегенде 600 миллиард теңге бөлуді тапсырған.

Қазақстанда БЖЗҚ-дан банктерге бірінші рет қаржы бөлініп отырған жоқ. Биыл мамырда Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев банктер мен қазақстандық корпоративтік эмитенттерге БЖЗҚ-дан 200 миллиард теңгеге дейін инвестиция салу жоспарланып отырғанын айтқан.

БЖЗҚ-да жұмыс істейтін, зейнет жасына толмаған қазақстандықтардың міндетті зейнетақы жарнасы жиналады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG