Accessibility links

Сауд Арабиясы билігі Жамал Хашоггидің қазасын мойындады


Журналист Жамал Хашогги.
Журналист Жамал Хашогги.

Сауд Арабиясы билігі оппозициялық журналист Жамал Хашоггидің қаза болғанын мойындады. Бұл туралы ақпаратты корольдіктің мемлекеттік телеарнасы таратты деп хабарлайды Reuters.

Сауд Арабиясы мемлекеттік прокурорының мәлімдеуінше, осы елдің Стамбулдегі консулдығына кірген Хашогги онда өзін қарсы алған адамдармен жанжалдасып қалған. Осы оқиғаға байланысты Сауд Арабиясының 18 азаматы ұсталған.

Сауд Арабиясы королі Салман тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бин Салман басқаратын министрлер кабинетіне мемлекеттік барлау қызметінің жұмысын қайта құруды бұйырған. Ханзаданың екі жоғары лауазымды кеңесшісі қызметтерінен босатылған. Олардың бірі – барлау қызметі басшысының орынбасары, генерал-майор Ахмед әл-Ассири. The New York Times басылымының дерегінше, ел билігі оны журналистің қазасына айыпты деп атамақшы да болған.

Сауд Арабиясының мемлекеттік баспасөзі король Салманның Түркия президенті Режеп Ердоғанмен Хашоггидің ісі жөнінде телефонмен сөйлескені туралы ақпарат таратты деп хабарлады ВВС.


Саудиялық оппозициялық журналист Жамал Хашогги қазанның 2-і күні Сауд Арабиясының Стамбулдағы консулдығына кіргеннен кейін жоғалып кеткен. Түркиялық тергеушілер Хашоггиді консулдық территориясында өлтірген деген болжам жасаған. Ел билігінің қолына түскен таспада Түркияға арнайы ұшып келген адамдардың консулдықта Хашоггиден жауап алып, кейін азаптап өлтіргенін дәлелдейтін дауыстар жазылып қалған деген ақпарат тараған.

Алайда Сауд Арабиясы мемлекеттік телеарнадан таратқан мәлімдемесінде оппозициялық журналистің қазасын алғаш рет ресми түрде мойындады.

Хашоггидің өлімі дипломатиялық жанжалға себеп болды. Журналист жоғалып кеткен соң Еуропа Одағы мен АҚШ Сауд Арабиясына қарсы санкциялар салу мүмкіндіктерін талқылауға кіріскен. АҚШ президенті Дональд Трамп егер Хашоггидің қазасының артында Сауд Арабиясы билігі тұрғаны анықталса, онда Эр-Риядқа қарсы шаралар қолданатыны туралы мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG