Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Сауд Арабиясының оппозициялық журналисі Жамал Хашоггиді өлтіру операциясының бірнеше күн бұрын жоспарланғанын мәлімдеді.
23 қазан күні парламентте сөйлеген Ердоған Сауд Арабиясының агенттері Түркияға Хашоггиді өлтіретіннен бір күн бұрын келгенін айтты.
Эр-Риядтың саясатын сынайтын, Washington Post басылымымен жұмыс істескен журналист Жамал Хашогги 2 қазан күні Стамбулдағы Сауд Арабиясының консулдығына некеге тұру құжатын алмақ болып барған соң жоғалып кеткен.
Ердоғанның айтуынша, сол күні Сауд Арабиясынан 15 адамнан құралған арнайы топ келіп, олардың үшеуі Стамбулдағы Белград орманын барлап қайтуға барған.
Бірнеше апта бойы Хашоггидің тағдырына қатысты түрлі болжам айтылып, 19 қазан күні Сауд Арабиясының билігі оның "консулдықта болған "төбелесте" қаза тапқанын мәлімдеген.
Ердоған Сауд Арабиясының билігі журналисті өлтіруді жоспарлағандарды шеніне қарамастан жария етуі тиістігін мәлімдеп, күдіктілерді Стамбулда соттауға шақырды.
Түркия президенті қылмыскерлер Хашоггиді "қатыгездікпен өлтіргенін" айтып, бұл істі жабулы күйде қалдыруға болмайтынын мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР