Accessibility links

Өртенген автобус ісі сотында сотталушыларға түрме жазасын сұрады


Ақтөбедегі өртенген автобус ісі сотында прокурор Осман Орынбасарұлы сөйлеп тұр. Ақтөбе, 30 қазан 2018 жыл.
Ақтөбедегі өртенген автобус ісі сотында прокурор Осман Орынбасарұлы сөйлеп тұр. Ақтөбе, 30 қазан 2018 жыл.

Қазанның 30-ы күні Ақтөбеде "автобус өрті ісі" бойынша сот отырысында жарыссөз басталды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, жарыссөзде прокурор Осман Орынбасарұлы қамауда отырған жүргізушілер Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков пен Барат Таңатовты "өрт қауiпсiздiгi талаптарын бұзу" және "жол ережесі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу" баптары бойынша айыпты деп танып, бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Прокурор "Азия транзит сервис" компаниясының құрылтайшысын "заңды тұлға ретінде өз міндеттерін тиісті түрде атқармады, жарамсыз көлік құралын пайдалануға берді және құжатты қолдан жасады" деп, ал компания механигін "ақауы бар автобусты жолға шығарды" деп айыптап, әрқайсысын жеті жылға соттауды сұрады. Прокурор Осман Орынбасарұлының айтуынша, xалықаралық бағытта жолаушы тасыған автобус екі жылдан бері теxникалық байқаудан өтпеген.

Компания құрылтайшысы мен механигі бұған дейін кепіл төлеп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған.

Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейді.

Барат Таңатовтың анасы Гүлмира Таңатова баласын кінәсіз деп санайды. "Балам жолаушы ретінде кетіп бара жатқан. Жүргізуші ретінде сотталғалы отыр. Сот көп нәрсені ескерусіз қалдырды. Өрттен тірі қалған куәларды (Өзбекстанның екі азаматы - ред.) сотқа шақырмады. Оқиғаны солар көзімен көрген" дейді.

Биыл қаңтардың 18-і күні таңертең Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықта Шымкент-Самара жолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-сі қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.​

Ақтөбеде өтіп жатқан сотқа жәбірленушілердің кейбірі Түркістан облысы Сарыағаш ауданынан видео арқылы қосылып жүр. 3 қазандағы отырыста Сарыағаштан Өзбекстанның Наманган облысынан келген жәбірленушілер - Абдулложон Хатамов пен Мирзабдулла Мадраxимов байланысқа шыққан. Олар өздерімен бірге 22 жәбірленушінің қолы қойылған өтініш xатты ала келген. Хатта жәбірленушілер соттан айыпталушыларға ең қатаң жаза қолдануды, марқұмдардың әрқайсысы үшін 150 миллион теңге өтемақы өндіріп беруді өтінген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG