Accessibility links

Комиссия: Өрт құрбандарының кім екенін анықтау қиын


Автобус өртенген аймақ
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:22 0:00

Автобус өртенген аймақ. 18 қаңтар 2018 жыл.

Ақтөбе аймағында автобустағы өрттен қаза тапқан 52 адамның мәйіттері облыс орталығына жеткізілді. Қайғылы оқиғадан аман қалған 5 адам Ақтөбе ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоғын айтады.

МӘЙІТТЕР АҚТӨБЕГЕ ЖЕТКІЗІЛДІ

Ақтөбеден 320 километр қашықтағы "Самара-Шымкент" тасжолында жолаушылар автобусында болған өртте қаза тапқан 52 адамның сүйектері қаңтардың 19-і күні облыс орталығына жеткізілді. Басым көпшілігі қатты күйіп қалғандықтан құрбан болғандардың кім екендерін анықтау қиын болып отыр деп мәлімдеді облыс әкімдігінде жұмаға ауған түні өткен брифингте Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.

Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен брифингке қатысушылар. 18 қаңтар 2018 жыл.
Ақтөбе облысы әкімдігінде өткен брифингке қатысушылар. 18 қаңтар 2018 жыл.

- Оқиға болған жерде күшейтілген тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Мамандардың жұмысына ауа райының қолайсыздығы және оқиға орнында өте ауқымды жұмыстардың атқарылуы қиындық келтіріп отыр. Криминалистер мен сарапшылар түні бойы мәселенің мән-жайын зерттеп, 19 қаңтарда түс ауа автобустағы өрттің нақты себебін айтулары тиіс, - деді вице-министр.

Ерлан Тұрғымбаев Ақтөбе облысында жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адамның қаза болуына байланысты Астанада арнайы құрылған үкіметтік комиссия мүшесі. Ішкі істер министрінің орынбасары салонында 57 адам болған автобустың жол апатына ұшырамағаны және оқиға орнынан қандай да бір қылмыс белгілері байқалмағаны туралы айтты. Тас жолдың бойында қаңқасы ғана қалған автобустағы өртті Ерлан Тұрғымбаев "оқыс оқиға" деп атады.

- Өрттен аман қалғандардың айтуынша, салоннан алдымен түтін иісі шыққан. Жолаушылар сол иістен уланған болса керек. Жүргізушілер көлікті дереу тоқтатып, жолаушыларды құтқармақ болғандарын айтты. Бірақ автобустың есігін ашқанда салонға лап еткен оттегінің әсерінен өрт басталған. "Сетра" – қос қабатты автобус. Көлік жүргізушілері автобустың бірінші қабатына жүк тиелгенін, жолаушылардың екінші қабатта отырғанын айтады. Бірден бой бермей кеткен жалын салондағы жүкті күлге айналдырып, адамдардың сыртқа шығуын қиындатқан, - дейді Ерлан Тұрғымбаев.

Самара-Шымкент тасыжолы бойында өртенген автобус. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.
Самара-Шымкент тасыжолы бойында өртенген автобус. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.

Үкіметтік комиссияның тағы бір мүшесі, Қазақстанның инвестициялар және даму жөніндегі министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша, X 335 PCM деген мемлекеттік нөмірмен тіркелген "Сетра" маркалы автобус Қазақстанның Шымкент қаласынан шығып, Ресейдің Қазан қаласына жолаушылар апара жатқан. Халықаралық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетпеген, салонында 57 жолаушысы бар көлік "Самара-Шымкент" тас жолының 1068-шақырымына жеткенде өртенген.

- Автобустағы 57 адамның 52-сі сыртқа шыға алмай қалған. Өз күштерімен шыққан бес адамның бірі – 50 жастағы көлік жүргізушісі Нұржан Қырғызбаев Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны. Жүргізушінің 33 жастағы көмекшісі Мақсат Пернебеков пен 40 жастағы жолаушы Болат Таңатаров та сол аймақтан. Олармен бірге Өзбекстан азаматтары – 1988 жылы туған Ахрор Искаков пен 1980 жылы туған Исраилджон Мирзахмедов те апаттан аман қалған, - деп хабарлады Роман Скляр.

Оқи отырыңыз: Автобустағы өрттен 52 адам мерт болды

Үкіметтік комиссиямен бірге оқиға орнына барып келген Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов ол жердегі ахуалдың күрделі екенін айтады.

- Ақтөбедегі сот-медициналық сараптама орталығы тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Өйткені, әзірше құрбан болғандардың кім екені анықталған жоқ. Марқұмдардың аты-жөні белгілі болғаннан кейін ғана оларды Өзбекстан жағына беру туралы шешім қабылданады, - деді Төленбергенов.

ВИДЕО: Өрттен зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді

Жарақаттанғандар ауруханаға жеткізілді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:59 0:00

ТІРІ ҚАЛҒАН БЕСЕУ

Ақтөбеден 320 километр қашықта, "Самара-Шымкент" тасжолында жолаушылар автобусында болған өрттен тірі қалған бес адам санавиация ұшағымен облыс орталығына қаңтардың 18-і күні Астана уақытымен сағат 17:30 шамасында жеткізілген. Ақтөбе қаласындағы жедел жәрдем ауруханасында оларды медициналық тексеруден өткізгеннен кейін реанимация бөліміне жатқызған.​

Жол үстінде жанып кеткен автобус қаңқасының жанында тұрған адамдар. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.
Жол үстінде жанып кеткен автобус қаңқасының жанында тұрған адамдар. Ақтөбе облысы, 18 қаңтар 2018 жыл.

​Аурухананың айналасы күш құрылымдарының қызметкерлеріне толып кетті. Реанимация бөлімін күзетіп тұрған қару асынған арнайы жасақ сарбаздары ішке қарай дәрігерлер, психологтар мен құқық органдары өкілдерінен өзге ешкімді кіргізбеді.

- Бізге жеткізілген бес адамның денсаулық жағдайы – орташа ауыр. Екеуінің қолы мен беті аздап күйген. Бұл – бірінші дәрежелі күйік. Бізді алаңдатып отырғаны – олар өрт кезінде улы түтінге тұншыққан. Бірақ тап қазір пациенттеріміздің өміріне қауіп жоқ. Бәрі ауруханаға өздері жүріп келді. Сөйлеп, сұраққа жауап бере алады, - дейді Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рахымжан Арыстан.

Ол автобустағы өрттен тірі қалған бес адамның бір тәулік бойы реанимацияда дәрігерлер бақылауында болатынын айтады. Одан соң оларды амбулаториялық жағдайда емдеу туралы шешім қабылдануы мүмкін.

Автобус өртінен зардап шеккендермен ауруханада психологтар сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2018 жыл.
Автобус өртінен зардап шеккендермен ауруханада психологтар сөйлесіп жатыр. Ақтөбе, 18 қаңтар 2018 жыл.

Бір топ психолог зардап шегушілердің психологиялық статустарын тексергеннен кейін өзара консилиум өткізіп, қорытынды жасады.

- Бізді жасы 30-35 шамасындағы өзбек азаматының жағдайы алаңдатып отыр. Мерт болғандардың арасында оның туысы болған. Тіпті туысы болмағанның өзінде осыншама адамның қазасын көру – тәжірбиелі дәрігерлердің өзіне оңай емес. Қай-қайсының да әбден шаршағаны аңғарылады. Көп сөйлесуге ыңғай танытпады, - дейді психолог Жанна Қадырова.

Психологтардың айтуынша, олар өрттен аман қалған азаматтардан оқиғаның мән-жайын сұрамаған. Мамандардың сөзінше, алғашқы кезеңде зардап шегушілермен өзара байланыс орнатып, оларды шоктан шығару мақсаты болған. Содан кейін ғана реанимацияда тергеу амалдары басталған.

Автобус өртенген жердің картасы.
Автобус өртенген жердің картасы.

Қаңтардың 18-і күні таңертеңгі сағат 10:30 шамасында Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент - Самара тасжолында жолаушылар автобусы өртенген. Билік орындарының хабарлауынша, автобуста барлығы 57 адам болған, олардың 52-і қазаға ұшыраған. Құрбан болғандардың барлығы – Өзбекстан азаматтары. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған.

Қазақстан үкіметі Ақтөбе облысында көп адам қаза болған қайғылы оқиғаның себебін анықтау, зардап шеккендер мен құрбан болғандардың отбасыларына жәрдем таныту үшін үкіметтік комиссия құрған. Оның құрамына ішкі істер, денсаулық сақтау, инвестиция және даму, сыртқы істер министрліктерінің жауапты қызметкерлері, Ақтөбе облысының құқық органдары мен өзге де мекемелерінің өкілдері енген.

Қазақстандағы жолаушылар автобусындағы өрт салдарынан 52 азаматының қаза табуына байланысты Өзбекстан үкіметі де арнайы комиссия құрған.

XS
SM
MD
LG