Қазақстанда қарашаның 14-і күні қазақ тілінің латын графикасына негізделген әліпбиі бойынша алғашқы жалпыхалықтық диктант жазу шарасы өтті. Диктант бірнеше қаладағы жоғары оқу орындарының арнайы жабдықталған аудиторияларында жазылды. Диктант сағат 11-де басталып, 11:30-да аяқталды. Көпшілік қатысқан шара жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, латын графикасына негізделген қазақ тілін меңгеруге дағдыландыру мақсатында ұйымдастырылды.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Алматыда диктант жазылатын орындардың бірі - Қазақстан-Британ техникалық университетіне диктант жазуға 400-дей адам келген. Диктант жазуға негізінен Алматы қаласы мен Алматыдағы сегіз аудан әкімдігінің қызметкерлері және студенттер қатысты. Диктант басталар алдында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары ережелерді түсіндірді.
Ұйымдастырушылар диктант соңында дұрыс варианты шығатыны, әркім өз жазғанын тексеретінін айтты.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев былтыр жыл басында жасаған мәлімдемесінде үкіметке 2017 жылдың соңына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеуді және қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырған. Бұдан соң латын графикасындағы әліпбидің екі нұсқасы таныстырылып, екеуі де сынға ұшыраған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев биыл 19 ақпанда қаулы қабылдап, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпби нұсқасын бекіткен. Жаңа нұсқада қазақ тіліне тән кейбір дыбыстар әріп үстіне қысқа таяқша қою (ғылыми тілде акут деп аталады - ред.) арқылы берілген.
ПІКІРЛЕР