Грузия президенті сайлауында биліктегі партия қолдайтын кандидат Саломе Зурабишвили жеңді. Грузия Орталық сайлау комиссиясы 29 қараша күні бюллетендерді санау процесі аяқталған соң миллиардер Бидзина Иванишвилидің "Грузия арманы" партиясы қолдайтын Зурабишвилидің 59,62 пайыз жинағанын хабарлады.
Оппозициялық топтардың "Біртұтас ұлттық қозғалыс" партиясы қолдайтын кандидат Григол Вашадзе 40,48 пайыз дауыс алды. Бұл партияны экс-президент Михаил Саакашвили құрған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлаудың екінші кезеңінде сайлаушылардың 56 пайыздан астамы дауыс берген. Бұл - сайлаудың алғашқы кезеңіндегі көрсеткіштен тоғыз пайызға артық.
Оппозиция дауыс беру кезінде заң бұзу мен бұрмалау көп болғанын мәлімдеп, сайлаушыларды шеруге шығуға шақырды.
Оқи отырыңыз: Грузия президенті сайлауында билік қолдайтын кандидат озды
Халықаралық бақылаушылар Грузиядағы президент сайлауының екінші кезеңіне "бәсекелі жағдайда өтті әрі кандидаттар еркін үгіт-насихат жүргізе алды" деп баға берді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бақылаушылары бір тараптың "артық құқыққа ие болғанын және "екі кандидаттың да сайлауалды бәсекесінде заң бұзуы жалпы сайлау процесіне нұқсан келтіргенін" айтады.
ПІКІРЛЕР