Accessibility links

BBC: Роскомнадзор сайттарды бұғаттайтын жаңа технология үшін 20 млрд рубль жұмсайды


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Ресейлік Роскомнадзор 2019 жылдан бастап Telegram сияқты елде тыйым салынған сервистер мен сайттарды бұғаттау үшін жаңа технология қолдануды жоспарлап отыр. Оған мемлекет қаржысынан 20 миллиард рубль жұмсалуы мүмкін деп жазды BBC сайты құпия ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып.

“Пакетті терең зерттейтін” технологияның провайдер арқылы өтетін барлық ақпаратты сараптауға мүмкіндігі бар. Жүйе белгілі бір сайттар мен сервистерге тән арнайы "пакеттерді" тауып, бұғаттайды. Технология сынақтан өтіп те үлгерген. Ресейлік телекоммуникация саласындағы компаниялардың бірінде өткен сынаққа ФСБ, цифрлық даму бойынша министрлік, Роскомнадзор өкілдері қатысқан. Сынақ қараша мен желтоқсан айларында Ресейдегі орталыққа жақын миллионнан астам тұрғыны бар қалада жасалған.

Мемлекет жаңа жүйеге жабдықтарды бюджет есебінен сатып алуды көздеп отыр және ресейлік операторларға тегін берілуі мүмкін.

14 желтоқсанда мемлекеттік думаға шетелдік серверлерге жол жабылған жағдайда ресейлік интернет сегментінде автономды түрде жұмыс істеу туралы заң жобасы түскен. Құжатта белгілі бір трафиктің қайдан шыққанын анықтайтын арнайы техникалық құралдар жайлы айтылған. Қажет кезде бұл құралдар тыйым салынған ресурстарды бұғаттай алады.

Оқи отырыңыз: БАҚ: Ресейлік хакерлер АҚШ-қа қарсы шабуыл жасаған

Роскомнадзор сәуір айында Федералдық қауіпсіздік қызметіне қолданушылар хат-хабарын шифрлау кілтін беруден бас тартқаны үшін Telegram мессенджерін сот шешімі бойынша бұғаттаған. Мессенджер билік салған бұғатты айналып өту үшін америкалық Amazon және Google компанияларының серверлерін пайдалана бастаған соң, Роскомнадзор оларға кіруге шектеу енгізген. Соның салдарынан интернеттегі 20 миллионға жуық мекен-жай бұғатталып қалған. Бұдан өзге, Роскомнадзор бұғаттан айналып өтуге мүмкіндік беретін 80 VPN мен прокси сервердің бұғатталғанын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG