Accessibility links

Халық тұрмысын жақсарту үшін үкіметте жұмыс тобы құрылды


Көпбалалы аналардың жиыны. Астана, 6 ақпан 2019 жыл.
Көпбалалы аналардың жиыны. Астана, 6 ақпан 2019 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен үкімет жанынан ел азаматтарының табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту, көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің ресми сайты хабарлады.

Жұмыс тобына премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев басшылық етеді. Жұмыс тобының құрамында "Нұр Отан" партиясының, әлеуметтік-экономикалық блок, инфрақұрылымдық даму министрлігінің, ішкі істер министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар.

Жұмыс тобы екі ай ішінде президентке тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы қажет.

Комиссия жұмысына үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар мен халық өкілдері қатысады.

6 ақпанда Астанада аналар жиналып, өздерінің билікке талаптарын қойған.

Астана аналарының қойған талаптары:

  • Бір жолға берілетін жөргекпұл мөлшерін бір мың айлық есептік көрсеткішке, яғни биылғы есеппен 2 млн 525 мың теңгеге жеткізу.
  • Әрбір балаға кәмелеттік жасқа толғанша ай сайын ең төменгі күнкөріс мөлшерінде, яғни биылғы есеппен 29 мың 698 теңге жәрдемақы төлеу.
  • Аналарға әрбір баласы үшін ең төменгі жалақы мөлшерінде, яғни биылғы есеппен 42 мың 500 теңге жалақы төлеу.
  • Үш балалы отбасыны баспана алу жеңілдігімен қамтамасыз ету. Төрт балалы және одан да көп баласы бар, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырғандарға адам басына тиесілі шаршы метрдің халықаралық стандарттары ескеріліп, тегін баспана беру. Сол үшін арнайы тұрғын үй қорын жасау.
  • Бала 14 жасқа толғанша ана мен баланы тегін емдеу.
  • Еңбек кодексіне өзгерістер енгізіп, кәмелетке толмаған баласы бар ананы түнгі ауысымда жұмысқа шығаруғы тыйым салу.
  • Қоғамдық көлікте оқушылардың тегін қатынауын қамтамасыз ету. Бастауыш сынып оқушыларына күніне бір реттік тегін тамақ беруді қалпына келтіру.
  • Көпбалалы отбасыдан шыққан балаларды жоғары оқу орындарында тегін оқыту. Бір мезгілде екі және одан да көп баласы қатар жоғары оқу орындарында оқытып жатқан отбасылар үшін оқу ақысына 50 пайыздық жеңілдік жасау.
  • Бір реттік науқан ретінде басында баспанасы жоқ, бірақ банктен несие алған аналардың бір мың айлық есептік көрсеткіші мөлшеріндегі несиесін кешіру.

Олармен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев кездесті. Аналар талаптарының соңында өздері "осы шараларды жүзеге асыруы күмәнді" деп есептеген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың қызметтен кетуін талап еткен. Көпбалалы аналардың жиналуына Астанадағы бес баланың қазасы себеп болған.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG