4 наурызда Алматыдағы Наурызбай ауданы әкімдігі алдына бірі - көп балалы, бірі - жалғызбасты, кейбірі екі-үш балалы отыз шақты ана келген. Оларды әкімдік өкілдері "үкімет бағдарламаларындағы жеңілдіктерді түсіндіру үшін жиналысқа шақырған".
Түстен кейін жинала бастаған аналарды полицейлер бақылап тұрды. Жиынға барған Азаттық тілшілерін полиция мен әкімнің орынбасары аудан әкімдігінің ғимаратында өткен жиынға қатыстырмай, күшпен шығарған.
Наразылардың көбі үй мен тіркеуге қатысты мәселелерін айтуға келген.
Жиналыстан шыққан соң аналар әкімшілік ғимаратында "үкімет бағдарламалары тиімсіз" деп, "президенттің орнын босатуды" талап еткен.
Аналар "бағдарламалары уақытша" Назарбаевтың "сайлауға түсуіне қарсымыз!" деп айқайлаған.
Азаттық сөйлескен аналардың бірі "сөзімізді де, талабымызды да ешкім тыңдаған жоқ" деді. Өзін үш балалы, жалғызбасты, мүгедек ана деп таныстырған Лаура Баймолданова "Үш жылдан бері әкімдікке келіп жүрмін. Мардымды көмек жоқ. Жалдамалы пәтерде тұрамын, [үкімет] бағдарламалары тиімсіз" деді.
4 ақпанға қараған түні Астананың Көктал-1 шағын ауданында жеке үйдің ауласындағы уақытша баспана өртеніп, бір отбасындағы 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туған бес қыз бала опат болған еді. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар наразылығы күшейген.
6 ақпанда Астанада жүздеген ана жиналып, биліктен жәрдемақы мен жөргекпұлды өсіруді, көп балалы отбасылардың балаларына тегін білім беруді, ана мен баланы тегін емдеуді, баспана алуды жеңілдетуді талап еткен. Кейін астаналық аналардың талабын басқа аймақтағы әйелдер де қолдаған.
21 ақпанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бақытжан Сағынтаев басқарған үкіметтін "халықтың жағдайын жақсарта алмады" деп, отставкаға жіберген. Кейін премьер-министр болып Асқар Мамин тағайындалған. Бұрын Ақтөбе облысын басқарған Бердібек Сапарбаев еңбек және әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалған.
ПІКІРЛЕР