Accessibility links

Жаңаөзенде жұмыс талап еткен оннан аса адамды полиция тергеді


Жаңаөзен қалалық полиция басқармасында отырған азаматтар. 13 наурыз 2019 жыл.
Жаңаөзен қалалық полиция басқармасында отырған азаматтар. 13 наурыз 2019 жыл.

Жаңаөзенде жұмыссыздар наразылығына келіп жүрген 11 адамды полиция 13 наурыз күні 21.00 шамасында әлдебір іске куә ретінде шақырып, үйінен алып кеткен.

Азаттық тілшісінің айтуынша, ұсталғандар арасында қарт әйелдер де болған.

Жаңаөзенде бірнеше күннен бері ондаған жұмыссыз күн сайын әкімдік алдына келіп, жұмыс талап етіп жүр. Полиция басқармасында болған азаматтардың айтуынша, 13 наурызда түсте әкімдік алдында тұрған оларға полиция өкілі келіп, наразылықтарының заңсыз екенін айтқан.

Жаңаөзендіктер сөзінше, "полиция өкілдері келіп, жиналғандарды, сөйлегендерді әкімдік терезесінен видеоға түсіріп, сол арқылы кім екенін анықтаған".

Олардың айтуынша, полиция "[Әкімдік алдында] не істеп тұрсың? Күн сайын неге онда тұрасың? Митингіге шығып тұрғаныңды білесің бе? Бұл – заңсыз. Енді шықпа, шықсаң жауапқа тартыласың" деген. Наразылар "Біз митингіге шығып тұрған жоқпыз, жұмыс талап етіп келіп тұрмыз. Аштан-аш үйде отыра береміз бе?" деп жауап берген.

Жаңаөзен қаласы полиция бөлімі бастығының орынбасары Мақсат Дайханбаев Азаттық тілшісіне "бөлімшеге әкелінгендермен прокурор сөйлескен соң үйлеріне жіберілетінін" айтқан.

Наразылардың жиналуын полицейлер "заңсыз митинг" деп ескертіп, әңгімелескен соң бір жарым сағаттан кейін үйлеріне жіберген.

11 наурызда Жаңаөзенде жұмыссыз жүрген 50-60 адам әкімдік алдына жиналған. Олар "әкімдік берген жолдаманы ұстап, 350 адамдық жұмыс орнына барғанымызбен, "орын толып қалды" деп қайтарғанын" айтқан.

Қарай отырыңыз: Жаңаөзенде жұмыссыздар әкімдікке талаппен тағы да келді (11 наурыз 2019 жыл)

Жаңаөзенде жұмыссыздар әкімдікке талаппен тағы да келді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:32 0:00

Бұдан бұрын Жаңаөзен тұрғындары бірнеше апта бойы қаладағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бөлім ғимаратының алдына жиналып, мұнай саласында жұмыс тауып берулерін сұраған. Тұрғындар наразылығынан соң ізінше оларға қысым жасалып жатқаны туралы ақпарат пайда болған.

Бірақ полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Бұған дейін Маңғыстау облыстық прокуратурасы 23-25 ақпан аралығында Жаңаөзенде "қоғамдық тәртіпті бұзды" деген айыппен 16 адамның жауапқа тартылып, 5-7 күнге қамауға алынғанын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG