Астана қалалық мамандандырылған әкімшілік сотында Азаттық пен "Америка даусы" радиосының бірлескен жобасы – "Настоящее время" арнасының журналисі, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ұрып-соғу бабы бойынша (73-2) айыпталған Светлана Глушкованың сотына ондаған белсенді қолдап келді.
Сот ғимаратының алдында олар "Светланаға бостандық!", "Светланадан қолыңды тарт!" деп айқайлады.
Тікелей эфир: Светлана Глушкованың соты. Нұрсұлтан. 1 сәуір, 2019 жыл
Сот отырысы 11.00-де басталуы керек еді. Алайда, Глушкованың адвокаты Бауыржан Азановтың айтуынша, полицияның сотқа іс материалдарын өткізбеуінен кешігіп жатыр.
31 наурыз күні Нұр-Сұлтандағы әуежайда ұсталған кезінде полиция қызметкерлері Светлана Глушкованың 22 наурыз күнгі оқиға кезінде "ұрды" деп шағынған адамның арызы бойынша әкімшілік сотқа тартылатынын айтқан. Глушкованы әуежайда төрт сағат ұстаған соң полиция оған 1 сәуірде сотқа шақырту берген.
Азанов журналистің құқығы бұзылғанын айтады.
- Полиция [істі жүргізуге] қатты асықты. Арыз-өтініштеріміздің ешбірін қабылдамады. Полиция инспекторы Глушкованың бірнеше құқығын бұзды. Іске жауапты полицияның бастығы бізге кедергі келтірді, - дейді ол.
Светлана Глушкованың өзі бұл істі "билік тапсырысы" деп санайды.
- Жұмыс істемеуім үшін осының бәрін Астана полициясы (қазіргі - Нұр-Сұлтан полиция департаменті) ойлап тапты. Маған сотқа шақыртуды учаскелік полиция берді. Оны сот жіберуі керек еді. Бұл – шоу. 22 наурыздағы митингіден хабар таратуға келгенде әлдекімді ұрған не итеріп жіберген екем. Жәбірленушіні қараған сот медициналық сараптамасы ештеңе анықтаған жоқ. Іс жәбірленуші сөзінің негізінде ғана қозғалды, - деді Глушкова.
"Настоящее время" (Азаттық пен "Америка дауысы" радиоларының бірлескен жобасы) журналисі Светлана Глушкованы мұның алдында да полиция қамап, соңынан босатқан. Биылғы 22 наурызда Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында полиция адамдарды ұстаған кезде Азаттық радиосы мен "Настоящее время" тілшілеріне белгісіз адамдар кедергі жасап, Светлана Глушкованы полицейлер қамаған.
Оқи отырыңыз: Наурыз мерекесі адамдарды ұстаумен басталды. Арасында тілші де бар
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы президенті міндетін атқарушы Дэйзи Синделар бұл оқиғаны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп атаған.
ПІКІРЛЕР