Accessibility links

Қазақстан кәсіподақтар федерациясы президент сайлауына кандидат ұсынды


Амангелді Таспихов.
Амангелді Таспихов.

Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты кандидат ретінде ұсынды. 24 сәуірде өткен федерация жиыны кезінде ұйым өкілдері Таспиховты президент сайлауына үміткер ретінде ұсынысуды мақұлдаған. Бұл туралы ҚРКФ-ның ресми сайтында хабарланды.

59 жастағы Амангелді Таспихов Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған.

1982-1989 жылдары Алматы мен Батыс Қазақстандағы өндіріс орындарында инженер-технолог болып жұмыс істеген. Түрлі жылдары мемлекеттік органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарып, бизнесте істеген. Батыс Қазақстан облысы маслихатының депутаты, Қазақстан парламенті сенатының және мәжілісінің депутаты болып сайланған.

Сайттағы хабарға қарағанда, Таспиховтан бөлек, кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, бұрын парламент депутаты болған Мұхтар Тінікеевтің де кандидатурасы қарастырылған. Бірақ ол сайлауға қатысудан бас тартқан.

Sputnik Қазақстан агенттігі Тінікеевтің "Қазақ тілін тұрмыстық деңгейде ғана білуім кандидат болуыма кедергі келтіреді" деген сөзін келтіреді.

Қазақ тілін білу - президенттікке кандидаттарға қойылатын талаптардың бірі.

Кеше, 23 сәуірде Қазақстан президенті, "Нұр Отан" атынан сайлауға түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың "мемлекеттік тіл емтиханын сәтті тапсырғаны" хабарланды.

Президенттікке кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG