Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойындағы көпірге Қазақстан Конституциясындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық" деген цитатамен баннер іліп, 29 сәуірде бес тәулікке қамалған Роман Захаровты апелляциялық сот тап сол күні қайта босатты. Бұл туралы Азаттыққа Захаровтың өзі хабарлады.
Әкімшілік сот шешімінің үстінен шағымды прокуратура түсірген. Сот апелляциялық шағымды 00.00-ге таяу қарап, оған кесілген жазаны 5 айлық есептік көрсеткіш (12 625 теңге) мөлшерінде айыппұлға өзгерткен. Захаровтың адвокаты Ерлан Ерболатұлының Азаттыққа айтуынша, апелляциялық шағымды сот адвокаттың қатысуынсыз қараған.
- Сотта Захаровты қамауға алуды сұраған прокурорлар 22.00-ге дейін жазаны өзгерту туралы өтініш берген екен. Түнде Захаровты сотқа қайта әкеліп, бес минут ішінде судья қамауды айыппұлға өзгерткен, - деді Ерболатұлы.
Адвокат прокурорлардың жазаны жеңілдету туралы өтініш түсіруін "шешімге наразы болған қоғам реакциясымен" байланыстырады. Ерболатұлы "Сот адвокатқа істің қайта қаралып жатқанын ескертуі керек еді. Сотта Захаровтың қорғалу құқығы бұзылды" дейді.
29 сәуірде таңертең ұсталған Захаровты сот ұсақ бұзақылық бабымен кінәлі деп тапқан. Алматы қалалық соты оның "қоғамдық орынды ластағанын" хабарлаған.
Қазақстандық басылымдарға берген сұхбатында Захаров Алматы марафонында баннер іліп, 15 тәулікке қамалған Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдайтынын айтқан.
Алматы әкімшілік соты 21 сәуірде қаладағы марафон кезінде жол бойына "Шындықтан қашып құтылмайсың" деген жазуы бар баннер ілгені үшін жергілікті белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті 15 тәулікке қамаған. Сотта олар бұл баннерді 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына жұрттың назарын аударып, сайлауды әділ өткізуге шақыру мақсатында ілгендерін айтқан еді. Сот осы акцияны түсірген тағы үш белсендіні - Сүйінбике Сүлейменова, Айдос Нұрболатов және Айгүл Нұрболатованы да "митинг өткізу тәртібін бұзды" деп, 50 500 теңге (130 доллардан астам) айыппұл салған.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары - Freedom House, Amnesty International және БҰҰ-ның Адам құқығы бойынша Орталық Азиядағы кеңсесі Қазақстан билігін Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті босатуға шақырған.
Чехия, Франция, Ұлыбритания, Грузия, Италияда оқитын қазақстандық студенттер осы елдердеТөлесова мен Толымбековті қолдап, "Шындықтан құтыла алмайсың" акциясын өткізген.
ПІКІРЛЕР