Accessibility links

Азаттық тілшісін полиция бөлімшесінде тергеуге тырысқан


Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.
Азаттық тілшісі Сәния Тойкен.

1 мамырда Азаттық тілшісі Сәния Тойкен сәрсенбіде Нұр-Сұлтанда ұсталғандардың туыстары хабарласып, көмек сұраған соң кешке қарай қаладағы Байқоңыр аудандық полиция басқармасына барған. Сол күні күндіз құқық қорғау органы өкілдеріне ұқсайтын жай киімдегі белгісіз біреулер тілшінің құрал-жабдығын тартып алған еді. Сәния Тойкен сол заттарын қайтарып алу үшін де бөлімшеге барған.

Тілшінің айтуынша, өзін полиция басқармасы бастығының орынбасары ретінде таныстырған азамат "ішке кіріп, ұсталғандардың жағдайын көргіңіз келе ме? Олармен сөйлесіңіз" деген соң журналист полиция ғимаратына кірген.

- Ішке кіріп едім, бірден "допросқа" (сұрақ-жауап алу) алып кетіңдер" деді. "Менен қандай мақсатпен, не үшін сұрақ-жауап алайын деп отырсыздар?" деп сұрап едім, "егер жауап беруден бас тартатын болсаңыз, заңға қайшылық болып саналады. Қазір тінту жүргіземіз" деді. Дильназ Сахаева есімді тергеуші сұрақтар қоя бастады. Адвокатсыз жауап бермейтінімді айттым, - дейді Сәния Тойкен.

Полиция өкілдері тілшіге адвокатын шақыруға рұқсат берген, бірақ полиция кеңсесіне барған адвокат Бауыржан Азановты онда кіргізбеген.

Бұл кезде полицияда бірнеше сағат болған тілшінің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыртуға мәжбүр болған. Сәл кейінірек полиция өкілдері Сәния Тойкеннің үстінен хаттама толтырып, қол қоймағаны үшін криминалист шақырып, видеоға түсірген.

- Мен хаттамаға қол қоймайтынымды айттым. Бірақ олар "оны оқығанның өзі келіскенмен пара-пар" деді. Хаттамада менің полиция бөлімшесіне ұсталғандар бойынша ақпарат алу үшін және штативімді қайтарып алу үшін келгенім туралы жазылған, - деді Сәния Тойкен.

Әзірге Байқоңыр аудандық полиция басқармасынан жауап алудың сәті түспеді.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленген. Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы және әзірге жалғыз қазақстандық журналист.

1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев біздің президент емес!", "Дариға спикер емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.​

Ішкі істер министрлігі сәрсенбіде Нұр-Сұлтан мен Алматыда шамамен 80 адамның ұсталғанын хабарлады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG