Accessibility links

Құқық қорғаушы "Шаңырақ ісімен" сотталған Өтегеновтің денсаулығы нашарлағанын хабарлады


Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сотта отыр. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл.
Құрманғазы Өтегенов "Шаңырақ ісі" бойынша сотта отыр. Алматы. 11 қыркүйек, 2007 жыл.

Құқық қорғаушы Елена Семенова Азаттыққа Алматыда 2006 жылы болған Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Құрманғазы Өтегеновпен 13 мамыр күні Павлодар түрмесінде таңғы 10.00-ден 17.00-ге дейін күтіп, кездескенін хабарлады. Семенованың сөзінше, түрме әкімшілігі күні бойы кездесуді ұйымдастыру мәселесімен айналысқан. Өтегеновке рұқсат етілген қысқамерзімді кездесулер лимиттен асып кеткендіктен, сотталушының иелігіндегі бір ұзақмерзімді кездесу қысқамерзімді жүздесуге "ауыстырылған".

Семенованың хабарлауынша, Өтегенов гастриті асқынғанына, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмегеніне, тиісті диетаның берілмейтініне шағынған. "Аяғы да ауырады екен. 2006 жылы тергеуде "азаптау кезінде сынған" аяғына былтыр ота жасапты" деді құқық қорғаушы. Оның сөзінше, Өтегеновке түрме әкімшілігі жаздық киім мен аяқ киім бермеген. Семенова "Сотталушы кездесуге қыстық форма мен қалың аяқ киімде келді" дейді. Өтегенов құқық қорғаушыға соңғы бір айда 10 келі салмақ тастағанын айтқан.

Өтегеновтің Семеноваға айтуынша, түрме әкімшілігі оған Бас прокуратураға және коррупциямен күрес бюросына жолдаған хаттардың шығыс нөмірін бермеген. Сол себепті ол "шағымдарым түрме ғимаратында қалып қойды" деп күмәнданады. Өтегенов мемлекеттік органдарға шағымдарын Семенова арқылы беріп жібермек болған, бірақ түрме әкімшілігі, құқық қорғаушы сөзінше, бұған рұқсат етпеген. "Бұған қоса маған Өтегеновпен кездесуге парақ пен қалам алып кіруге де рұқсат бермеді" деді Семенова.

Атын атамаған түрме қызметкері Азаттық тілшісіне Елена Семенованың 13 мамырда Құрманғазы Өтегеновпен кездескенін растағанымен, сотталған азаматтың шағымдарына қатысты комментарий беруден бас тартты.

Оқи отырыңыз: "Шаңырақ ісімен" сотталған Құрманғазы Өтегенов құқықтық көмекке зәру

Өтегенов 2006 жылғы 14 маусымда Алматының шетіндегі Шаңырақ ықшамауданында болған оқиғаларға қатысты деп айыпталып, 16 жылға түрме жазасына кесілген. Кейін оған “түрме әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбады” деген айып тағылып, негізгі жаза мерзіміне тағы екі жарым жыл қосылған. 2006 жылы Шаңырақ оқиғасынан кейін 18 жылға сотталған Арон Атабек те әлі қамауда отыр. Ал "Шаңырақ ісі" бойынша түрмеге қамалған Рүстем Тұяқов пен Ерғанат Тараншиев 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.


  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG