Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Шыңжаңда қазақтарға қысым жасалып жатқаны туралы хабарларды "жалған ақпарат" деді. Бұл туралы ол 28 мамырда Нұр-Сұлтанда өткен қазақ-қытай қатынасына арналған жиынның алдында айтты.
Журналистер Қытай елшісінен "Алматыда тұрғындар бірнеше жиын өткізіп, Қытайдағы туысқандарына қысым жасалғанын, олардың Қазақстанға өте алмай отырғанын айтты. Қытайдан Қазақстанға келіп оқып жүрген қазақ студенттер кері қайтсақ, қамайды дейді. Бұл ақпарат қаншалықты рас?" деп сұрады.
Чжан Сяо тілшілердің сұрағына "Барлық ақпарат жалған. Бұл ақпараттарды қайдан алдыңыз? Ақпаратты қайдан алғаныңызды айта аласыз ба? [Студенттердің айтқаны] да теріс ақпарат. Шыңжаңдағы жағдай бірқалыпты. Шыңжаңдағы шаралар - терроризм және экстремизммен күресу әрекеті" деді.
27 мамырда Алматыда "Қытай зерттеу институты" ұйымының офисінде бір топ адам баспасөз маслихатын өткізіп, туыстары саяси лагерьден босағанымен Қазақстанға келе алмай отырғанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған.
Оқи отырыңыз: "Қысым азайса" да, "күдік басым"
Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтыла бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.
Қазақстанның бірнеше қаласында азаматтар жиналып, "Қытайда жақындарымыз қысым көріп жатыр, үйқамақта отыр, Қазақстанға өте алмайды" деген.
Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизмге қарсы шара" деп атап, адамдар еркінен тыс отырған лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын " орталықтар деп түсіндірген.
ПІКІРЛЕР