7 маусым күні Нұр-Сұлтанда полиция бірнеше белсендінің үйіне тінту жүргізіп, оларды бөлімшеге алып кетті. Белсенділердің айтуынша, құқық қорғау қызметкерлері үйлерінен тыйым салынған заттарды іздеген.
Соңғы дерек бойынша, астаналық төрт белсендінің үйлерінде тінту болған: Ақмарал Керімбаева, Әлия Жакупова, Дидар Байжакупов және Серік Жахин. Оқиға куәгерлері полицияның "әлдебір футболканы іздегенін" айтады. Белсенді Майгүл Садықова өзін Әлия Жакуповның үйіне кіргізбегенін, полицияның оның үйінен Қазақстан жалаушаларын тәркілеп алып кеткенін айтты.
Үйлеріне тінту жүргізіліп жатқандарды қолдау үшін барған тағы бірнеше азаматты полиция бөлімшесіне алып кеткен. Олардың арасында Ербол Есхожин мен Руслан Нұрқанов есімді азаматтар болған.
7 маусымда түстен кейін тінту жүргізбек болған адамдардың белсенді Ақмарал Керімбаеваның үйінің есігін бұзып кіргені хабарланған еді. Ақмарал Керімбаеваның үйінде қонақта болған Бағдат Конопьяновтың Азаттыққа айтуынша, өздерін полициямыз деп таныстырған бірнеше адам тыйым салынған заттарды іздеп жүргендерін айтқан. Тінту кезінде көпқабатты ғимаратта тұратын Керімбаеваның пәтеріне баспалдақпен көтерілмек болған Азаттық тілшісін аты-жөнін атаудан бас тартқан штаттық киімдегі екі азамат бөгеп, әрі қарай кіргізбегенін Азаттық сайты бұған дейін жазды.
- Менің де, Ақмаралдың да телефондарымызды алып кетті. Бұған қоса бірнеше Қазақстан жалаушалары мен жаңбырда киетін салафан киімдерді алды, - дейді Бағдат Конопьянов.
Оның сөзінше, полиция кәсіпкерлікпен айналысатын Ақмарал Керімбаеваның сататын тауарларын да тәркілеген.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті белсенділердің ұсталуы мен үйлеріне тінту жүргізілгенін білмейтінін айтты. Департаменттің баспасөз хатшысы София Қылышбекова бұған байланысты "кейінірек хабарласатынын" жеткізді.
Ақпарат бойынша, полиция бөлімшесіне жеткізілген белсенділерді 6-8 сағаттан соң босатқан.
9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы болады. Оған елді 30 жылға жуық басқарған елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев алғаш рет қатыспайды. Ол наурыз айында отставкаға кеткенмен саясаттағы ықпалын сақтап қалды.
1 мамырда Қазақстанның бірнеше қаласында билікке қарсы наразылық шарасы өтті. Наразылар "Біздің өз таңдауымыз бар!", "Тоқаев менің президентім емес!", "Дариға [Назарбаева] спикерім емес!", "Нұр-Сұлтан астанамыз емес!", "АЭС-ке қарсымыз!", "Халық пікірімен санасыңыздар", "Көп балалы аналарға жәрдем берілсін!", "Шындықтан қашып құтылмайсың!", "Шал, кет!" деп айқайлады.
Ішкі істер министрлігі 1 мамырда Нұр-Сұлтан мен Алматыда "елде тыйым салынған ұйымның лозунгін айтып, полицияға бағынбаған" 80 адамның ұсталғанын хабарлады. Бірақ министрлік жалпы қанша адамның әкімшілік жауапқа тартылғаны туралы дерек таратпады. Азаттық Нұр-Сұлтан мен Алматыда 30-ға жуық адамның жауапқа тартылғанын анықтады. Олардың кейбірі 5-10 тәулікке қамалса, кейбіріне 50 мың теңгеден 100 мың теңгеге дейін айыппұл салынды. Сот ұсталғандарға "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" және "полицияға бағынбады" деген айып тақты.
ПІКІРЛЕР