Соттар мен трибуналдардан хабар тарататын ұлыбританиялық Court News UK агенттігі 4 шілдеде Лондондағы Сауторк сотында Айсұлтан Назарбаев ісі бойынша алдын ала тыңдау өткенін хабарлады. Отырыста Айсұлтан Назарбаев «өзін суицидтен құтқарып қалған полицейді тістегенін» жоққа шығарды. Сайттың жазуынша, Назарбаевқа «полицейді жарақаттады және жекенің мүлкін бүлдірді» деген айып тағылған.
Агенттіктің хабарлауынша, судья Филип Бартл Айсұлтан Назарбаевты кепілмен босатып, қаладағы есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group ауруханасына жіберген.
Ал ВВС-дің Орыс қызметінің хабарлауынша, адвокат Алисдэйр Уильямсон соттан Айсұлтан Назарбаевты 90 мың фунт стерлинг (шамамен 43 млн теңге) кепілмен босатуды сұраған.
«Сотта прокурор Грегор МакКинли Айсұлтан Назарбаевтың кокаин қолданатынын айтты. Қазақстанның бұрынғы президентінің жиенінің төлқұжатын алып алған. МакКинли судьядан Назарбаевты кепілмен босатпауды сұрады. Мемлекеттік айыпталушы ықпалы қатты Назарбаевтар әулеті оған дипломатиялық паспорт алуға көмектесіп, ол Ұлыбританиядан кетіп, жауапкершіліктен құтылып кетеді деп қауіптенеді. Ал судья Назарбаев есірткіге тәуелділер емделетін Priory Group емханасына барып емделсе ғана кепілмен босатынын айтты» деп жазды сотқа қатысқан ВВС-дің Орыс қызметі.
ВВС-дің дерегінше, Priory Group ауруханасында бұрындары танымал музыканттар Эмми Уайнхаус пен Робби Уильямс, футболшы Джордж Бест пен актер Джонни Депп емделген.
Court News UK сайты Назарбаев ісі бойынша негізгі сот «келер жылы 20 наурызда басталатынын» мәлімдеді. Court News UK агенттігінің дерегінше, Айсұлтан Назарбаев осы уақытқа дейін Лондонның оңтүстік-батысындағы Уандсворт түрмесінде отырған.
Сайттың хабарлауынша, «Назарбаев 5 маусымда полицей Росс Сэмбрукке шабуыл жасаған. Осы оқиғадан екі күн бұрын Назарбаев International Park Plaza Hotel қонақүйінде өзі тұрып жатқан нөмердің терезесіне шығып алып, секірмек болған. Осыдан кейін қонақ үйге полицейлер келген».
Агенттіктің жазуынша, 26 маусымдағы сот алдындағы тыңдауда прокурор Грегор МакКинли 3 маусымда Айсұлтан Назарбаев Лондондағы Тависток көшесіндегі пәтерде полицейлермен жанжалдасып қалғанын, сол кезде бір офицерді тістеп алғанын айтқан.
Сотта МакКинли «айыпталушының Қазақстан президентінің немересі (Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевты айтса керек – ред.) екенін» жеткізген.
Court News UK сайтының жазуынша, сотта тағы бір прокурор Қазақстан билігінің Лондон полициясымен хабарласып, айыпталушыны Англиядан депортация жасау жолын сұрағанын айтқан.
4 шілдеде ресейлік "РосБизнесКонсалтинг" (РБК) агенттігі ұлыбританиялық басылымдарға сілтеме жасап, Лондондағы пәтерлердің бірінде Айсұлтан Назарбаев есімді адам өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын жазды. РБК таратқан ақпарат бойынша, Назарбаев өзіне көмектеспек болған полицейді тістеп алған.
Ресейлік сайт «өз-өзіне қол салмақ болған» адам Қазақстанды 30 жыл басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның ұлы екенін жазған.
4 шілдеде Қазақстан сенатының спикері Дариға Назарбаева Азаттық тілшісінің Айсұлтан Назарбаевтың қайда екенін сұраған сауалына жауап бермеген. Азаттық Лондондағы Сауторк сотына, Уандсворт түрмесіне Айсұлтан Назарбаевтың ісіне қатысты ақпарат сұрап, хат жолдады. Хатқа жауап әлі келмеді.
Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Австрия түрмелерінің бірінде көз жұмған Рахат Әлиевтің ұлы. Ол - Ұлыбритания королдігінің «Сандхерст» әскери академиясын түлегі. Айсұлтан Назарбаев оқуын бітіріп, Қазақстанға оралған соң елдің қорғаныс министрлігінің барлау басқармасында қызмет еткен. 2017 жылы жеті айдай Қазақстан футбол федерациясы вице-президенті қызметін атқарған. Соңғы бір жарым жылдай ол жұрт назарына шықпай кеткен.
Оқи отырыңыз: Айсұлтан Назарбаев неге көрінбей кетті?
Нұрсұлтан Назарбаевтың жақындары Қазақстандағы ең ықпалды адамдардың қатарына жатады. Ол Қазақстанды 30 жылдай басқарып президенттіктен кеткен. Бірақ Қауіпсіздік кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының басында қалған. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі билікке тікелей әсер ете алатын «Ұлт көшбасшысы» мәртебесіне және «Елбасы» статусына ие. Осы статустардың негізінде, Назарбаевтың өзі және отбасы қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
ПІКІРЛЕР