Accessibility links

Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамын жариялады


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 17 шілдеде Ұлттық қоғамдық сенім кеңес құрамын жариялады. Жарлық Ақорда сайтында жарияланды.

Кеңесті Тоқаевтың өзі басқарады. Кеңес құрамына президент әкімшілігінің жетекшісі Қырымбек Көшербаев, президент кеңесшісі Ерлан Қарин, адвокат Айман Омарова, қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжан, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Расул Жұмалы, режиссер Ермек Тұрсынов, BTS Digital білім беру жобасының жетекшісі Саясат Нұрбек, биылғы президент сайлауында кандидат болған Дания Еспаева, Төлеутай Рақымбеков пен Жамбыл Ахметбеков, "Мен ояндым" акциясының қатысушысы Бақытжан Бұқарбай, "Альтернатива" зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, "Жастар" ғылыми-зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиев және тағы ондаған адам кірген. Кеңес құрамында барлығы 44 адам бар.

Ресми мәліметке сәйкес, кеңес мемлекеттік бағдарламалар мен заңдардың жобаларын қоғамдық сараптамадан өткізіп, жұрт пікірін ескеріп, стратегиялық мәселелерді қарап, "халық, саяси партиялар және билік арасында диалог" орнатуы тиіс.

Жоспар бойынша, кеңестің алғашқы отырысы тамызда өтеді. Ал жарлыққа сай, кеңестің жиыны жылына үштен артық өтпейді.

Президент кеңесшісі Ерлан Қарин Tengrinews.kz сайтына кеңес мүшелерінің жалақы алмайтынын айтқан.

Қазақстанда көктемнен бері билікке қарсы наразылық шаралары көбейді. Наразылар биліктен саяси жүйені өзгертуді және әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап етіп келеді. 9 маусымда Қазақстан президентін сайлау кезінде елдің бірнеше қаласында халық сайлауға және билікке қарсы наразылыққа шыққан. Осы күні полиция мыңдаған адамды күштеп ұстаған.

Кейін сайлауда 70 пайыздан артық дауыспен жеңіске жеткен Қасым-Жомарт Тоқаев "халықтың жағдайы нашарлап кеткен соң наразылық көбейгенін, саяси өзгеріс болмаса, елдің жағдайы жақсармайтынын" айтқан. Нарызылық көбейген соң Тоқаев билік пен халықтың арасында диалог орнататын қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ақорда қоғаммен диалог орната ала ма?

Бірақ кейбір сарапшылар Тоқаевтың кеңес құру идеясын сынаған. Олар "бұл кеңес мәжіліс депутаттары мен ақпарат және қоғамдық даму министрінің жұмысын қайталайды" деген.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қажет пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:15 0:00

​Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне ұқсас орган бұрын да болған. Оппозициялық күштердің белсенділігінен кейін Қазақстан билігі 2002 жылы қарашада Азаматтық қоғамды одан әрi демократияландыру мен дамыту жөнiндегi ұсыныстарды тұжырымдау жөнiндегi тұрақты жұмыс iстейтiн кеңес құрған еді. 2016 жылы жер митингілері күшейген тұста да қоғамдағы наразы топтармен мәміле қылу үшін Жер комиссиясы құрылған. Кейін бұл кеңестер тараған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG