Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Алматыда 22 шілдеде баспасөз мәслихатына барған журналистерге шабуылды "екі тараптың жанжалы" деп атады. Министр бұл туралы 23 шілдеде Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне айтты. Ол кейбір бақылаушылардың "журналистерге шабуылды орган өкілдері ұйымдастыруы мүмкін" деген топшылауын жоққа шығарды.
- Кеше (22 шілде - ред.) Алматыда брифинг я баспасөз мәслихаты өтпек болғанда екі жақ өзара жанжалдасып қалды. Екі тараптың бірі жарақаттанғанын айтып, екіншісі бұзақылық жасалғаны жайлы [полицияға] арызданды. Әр тарап полицияға, дәрігерлерге көмекке жүгінген. Қазір екі арыз тіркелген, мән-жайды анықтаймыз, - деді министр Тұрғымбаев.
Ішкі істер министрі жанжалдасқан екі тараптың кім екенін ашып айтпады.
Шілденің 22-сі күні 20 шақты әйел Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында жоспарланған баспасөз жиыны алдында шараға келген журналистерге шабуыл жасады. Шабуылға ұшырағандар арасында Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайынов бар. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге бірнеше әйел тарпа бас салып, камераларын сындырды. Белгісіз әйелдер ҚазТАГ ақпарат агенттігі мен "Алматы" телеарнасы тілшілеріне де шабуылдаған.
Адам құқығын қорғау бюросында "Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр" деген тақырыпта баспасөз мәслихаты өтуі тиіс еді. Жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қатысы бар деген күдікпен қамауға алынған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істің мән-жайын айтпақшы болған.
Дүйсенбі күні Алматы қаласы полиция департаменті Азаттық және басқа басылымдардың тілшілеріне шабуыл оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзінше билік ету" бабы (389-бап) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
Баспасөз қызметінің дерегінше, полицияға баспасөз мәслихатын ұйымдастырушылар мен журналистер - барлығы бес адам шағым түсірген. Бұдан бөлек, тағы үш адам "журналистер мен баспасөз жиынын ұйымдастырушылардан зардап шеккенін" айтып полицияға арызданған. Тергеуді Әуезов аудандық полиция басқармасы жүргізеді деп хабарланды.
Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. Биыл наурыздың 22-і күні Нұр-Сұлтандағы (сол кездегі – Астана) билікке қарсы наразылық шарасынан хабар таратпақ болған Азаттық журналистеріне бір топ жас кедергі келтіріп, камераны қағазбен көлегейлеген.
Мамырдың 1-і мен 9-ы, маусымның 9-ы күндері билікке және Қазақстанда кезектен тыс өткен президент сайлауына қарсы наразылық кезінде полиция адамдарды жаппай ұстаған сәттен хабар таратпақ болған Азаттық тілшілеріне маска киіп, қолшатыр ұстаған белгісіз біреулер тағы да кедергі келтірген. Сол маңда жүрген полиция өкілдері журналистерге кедергіні көре тұра ешқандай шара қолданбаған. Азаттық бұл оқиғаларға қатысты бас прокуратураға шағым түсірген. Әзірге бұл шағымға жауап келген жоқ.
ПІКІРЛЕР