Accessibility links

Мәскеуге барған Атамбаев Путинмен кездесті


Владимир Путин мен Алмазбек Атамбаев. Мәскеу, 20 маусым, 2017 жыл.
Владимир Путин мен Алмазбек Атамбаев. Мәскеу, 20 маусым, 2017 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевпен кездесті. Бұл туралы ақпаратты 24 шілдеде Ресей президентінің ресми сайты жариялады.

"Иә, Алмазбек Шаршеновичпен кездескенім рас. Біз аймақтағы жағдай мен Қырғызстан туралы әңгімелестік" деген журналистер сұрағына жауап берген Путин.

Ресей президенті Қырғызстан жайлы позициясын Атамбаевқа жеткізгенін айтқан.

"Қырғызстан - одақтасымыз, бізге жақын мемлекет деп санаймын және бұған дейін Қырғызстанда бірнеше, нақты айтқанда кемінде екі рет саяси толқу болды. Меніңше, Қырғызстан халқының мүддесі үшін осымен тоқтау қажет деп ойлаймын. Елге саяси тұрақтылық керек, барша жұрт қазіргі президенттің маңында бірігіп, оған мемлекетті дамытуға көмектесуі керек" деген Путин.

Оның сөзінше, Ресей Қырғызстанның қазіргі билігімен екі ел арасындағы әріптестікке құрылған жоспарларын жүзеге асыруға ниетті.

Бұған дейін Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевтың 24 шілдеде Бішкектен 40 шақырым жердегі Кант әуе базасынан Ресейге ұшып кеткені туралы Атамбаевтың кеңесшісі Құндыз Жолдубаева хабарлаған.

Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков 11 шілдеде Мәскеуге қысқа мерзімді сапармен барып, Владимир Путинмен кездесіп қайтқан.


27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, үстінен қозғалған істің саяси астары бар деп мәлімдеген.

Кейін Қырғызстан ішкі істер министрлігінің тергеу қызметі Атамбаевты үш рет тергеу сұрағына жауап беруге шақырғанымен ол бармаған. Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев "парламенттің Атамбаевты тиіспеушілік мәртебесінен айыру туралы шешімі Конституцияға қайшы" деп мәлімдеген.

Атамбаевтың ондаған жақтасы 22 маусымнан бері оның Кой-Таш ауылындағы үйінің маңынан лагерь құрып, штаб ашқан. 3 шілдеде Бішкекте Алмазбек Атамбаевтың жақтастары наразылық шарасын өткізіп, қазіргі биліктің отставкаға кетуін талап еткен. Бұл шараға Атамбаевтың өзі де қатысқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG