26 шілдеде Нұр-Сұлтанда бірнеше тұрғын "сыбайлас жемқорлық" айыбымен 10 жылдан бері түрмеде отырған "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті қолдап, акция өткізді.
Шараға келген қала тұрғыны Кәмила Шоқанова Қазақстан билігінен Жәкішевті бостандыққа шығаруды, Нұр-Сұлтан қаласын қайта "Астана" деп атауды, елде сөз бостандығын қамтамасыз етуді, журналистерге шабуылды тоқтатуды талап етті.
- Сөз бостандығы дегеніміз не? Ол - менің құқым! Мен Мұхтар Жәкішевті босатуды талап етемін. Бұл бүкіл адамзатқа қарсы қылмыс. Еркін БАҚ, объективті БАҚ керек. Журналистерді қудалауды тоқтатуды талап етемін. Түрмедегі қысымды тоқтатуды талап етемін. Билікте оппозиция өкілдері болуын талап етемін, - деді Кәмила Шоқанова.
Бұдан бөлек, он шақты адам елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Жәкішевті түрмеден босатуды сұрады. Акцияға қатысқандар "Жәкішев түрмеде заңсыз отыр" деп санайды. Солардың бірі Медет Арыстанов та Жәкішевті бостандыққа шығаруды талап етіп, билікті жастармен "диалог орнатуға" шақырды.
Шараға келгендер арасында биліктен "Шаңырақ ісі" бойынша сотталған Арон Атабекті, жер сатуға қарсы митингіден кейін түрмеге қамалған Макс Боқаевты да босатуды талап еткендер де болды.
Есімін Қалдыхан деп таныстырған әйел Азаттыққа жуырда болған Мұхтар Жәкішевтің соты кезінде оны қатты босатады деп үміттенгенін, бірақ соттың оны босатпағанын естігенде қатты жүрегі ауырғанын айтады.
- Мен Мұхтар Жәкішевті дереу босатуды талап етемін! Ақылдылардың бәрін қамап, өлтіріп болдыңдар. Ол шешесінің жерлеуіне де қатыса алмады. Оның балалары неге әкесіз болуы керек? Ол уран өндіру бойынша Қазақстанды дүниежүзілік дәрежеге жеткізді. Ол - ұлы адам, оны екі секунд та түрмеде ұстауға құқықтары жоқ,- деді ол.
Нұр-Сұлтанда өткен Жәкішевті қолдау акциясы. 26 шілде 2019 жыл.
25 шілдеде Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов та Мұхтар Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізген еді. 26 шілдеде белсенді Әсия Төлесова да Жәкішевті қолдау акциясына шықты. Екеуі де Қазақстан билігінен Жәкішевті қамаудан босатуды сұрады.
24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья оны қамаудан ерте босата алмайтынын айтқан.
Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен бұрын босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.
Оқи отырыңыз: Дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады
55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді.
Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.
ПІКІРЛЕР