Бүгін, 29 шілдеде Атырау қаласындағы УГ-157/9 түзеу мекемесінен өткен жылы күзде "алауыздық қоздыру" және "билікті басып алуға шақыру" айыптарымен үш жылға сотталған ақтаулық белсенді Абловас Жұмаев мерзімінен бұрын босап шықты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, 45 жастағы Жұмаевты мекеме қызметкері мен адвокаты Жанар Сүндетқалиева Атырау-Маңғышылақ бағытындағы пойызға шығарып салды.
- Жоспар көп... Дегенмен, әуелі үйіме жетіп, сағынышымды басып алайын, - деді Абловас Жұмаев.
Оның адвокаты Жанар Сүндетқалиева қорғауындағы белсендіге тағылған айып пен сот үкімімен келіспесе де, оның мерзімінен бұрын бостандыққа шығуын "жеңіске пара-пар" деп санайтынын айтты.
Белсендіг елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының Тelegram чатында хабарламалар жазған" деген күдікпен ұсталған, кейін сот оны айыпты деп танып, өткен жылы қыркүйекте үш жылға сотталған еді.
Биыл 11 шілде күні №2 Атырау қалалық соты Абловас Жұмаевтың жаза мерзімінің қалған бөлігін бас бостандығын шектеуге ауыстыру туралы шағымын қанағаттандырған. Сот отырысы белсенді жазасын өтеп жатқан Атыраудағы УГ-157/1 мекемесінде өткен.
Жұмаевтың әйелі 39 жастағы Айгүл Ақбердиеваға да "билікті басып алуға шақырды" және "Қазақстанның конституциялық құрылымын күштеп өзгертпек болды" деген айыптар тағылған. 6 ақпанда Ақтау қалалық сотының судьясы Гүлнәр Байтұрова Қылмыстық кодекстің "Билікті басып алуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру" бабы бойынша айып тағылған Ақбердиеваның ісінде "қылмыстық құрам жоқ" деп тауып, оны ақтаған. Шешіммен келіспеген прокуратура үкімнің күшін жоюды талап еткен. Кейін сот Ақбердиеваның ісін қайта қарау үшін алғашқы инстанцияға жіберген.
Төрт баланың ата-анасы Жұмаев пен Ақбердиева бұл істе саяси астар бар деп санайды.
Қазақстандық құқық қорғаушылар Абловас Жұмаевты саяси тұтқындар қатарына қосқан.
Қазақстанда осыған дейін де ондаған адам "ҚДТ қозғалысын қолдады" деп айыпталып, жазаланған. 2018 жылы наурызда Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, елдегі қызметіне тыйым салған. Ал ұйым жетекшісі, шетелде тұратын экс-банкир Мұхтар Әблязовтың үстінен "тапсырыспен адам өлтірді, ірі көлемде ақша жымқырды" деп қылмыстық іс қозғап, өмір бойы түрме жазасына кескен. Ал Әблязов бұл айыптардың саяси астары бар деп санайды.
ПІКІРЛЕР