Accessibility links

Помпео өзге елдерді Қытайға ұйғырларды бермеуге шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео барлық елдерді этникалық ұйғырларды Қытайға бермеуге шақырды. Помпео Қытайда ұйғырларға қуғын-сүргін қаупі төнеді дейді.

22 қыркүйекте жасаған мәлімдемесінде Помпео Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң аймағында жүргізіп отырған саясатын Пекин "террорға қарсы күрес" деп сипаттағанымен, шын мәнінде ол азшылықтың мәдениеті мен дінін "жою" әрекетіне айналғанын айтқан.

"Қытайдың Шыңжаңдағы репрессиялық науқанының терроризммен күреске қатысы жоқ екенін айтқым келеді. Мәселе Қытайдың өз азаматтарының (сәйкестілігін) жоюға тырысып жатқанында болып отыр. Біз барлық елдерді Қытайдың ұйғырларды өзіне беру туралы талабына қарсылық білдіруге шақырамыз" деді Помпео.

Помпео бұл мәлімдемесін Орталық Азиядағы бес мемлекет - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркіменстан сыртқы істер министрлерімен БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясы аясында кездескеннен кейін жасады.

БҰҰ сарапшылары мен белсенділердің айтуынша, Шыңжаңда кемінде миллион ұйғыр мен негізінен мұсылман дінін ұстанатын өзге де азшылық өкілдерін мәжбүрлі түрде "саяси тәрбиелеу лагерлерінде" ұстап отыр. Пекин оларды "білім орталықтары" деп атайды.


Шыңжаңда ұйғырлар, қазақтар, қырғыздар, татарлар мен өзге де байырғы ұлттар өкілдерін (негізінен мұсылмандар) жаппай ұстап, "саяси тәрбиелеу лагерлеріне" жібергені туралы ақпарат 2017 жылдың ортасынан бастап тараған.

2000 жылдардың басында Қазақстан мен Қытай терроризм, сепаратизм мен экстремизмге қарсы күресте өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған. 2013 жылы Қазақстан Қытаймен сотталған азаматтарды беру туралы екіжақты келісімді бекіткен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG