Шыңжаңдағы этникалық қазақтардың қысымға ұшырау мәселесін алғаш көтерген "Атажұрт еріктілері" ұйымын Алматы қалалық әділет департаменті тіркеуден өткізді. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне ұйымның қазіргі жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы айтты.
Ұйым бұған дейін бірнеше рет тіркеуге өтініш беріп, тіркеле алмаған еді. Департамент өкілдері "құжаттарының дұрыс емес" екенін айтса, ұйым мүшелері "мәселенің саяси астары барын" айтып болжаған. Қыркүйек айында ұйымның департаментті сотқа бергені белгілі болған.
- 12 қыркүйек күні департаментті сотқа бергеніміз туралы баспасөз жиынын өткіздік. 14-і күні бізді департаментке шақырып алып, "жарғыларыңда түзету енгізетін жерлер бар. Соны өзгертіп әкелсеңіздер, тіркеп береміз" деді. Біз "жарайды, егер тіркесеңіздер арызымызды қайтып аламыз" дедік. Міне, тіркеу құжатымызды қолымызға алдық, - деді ұйым жетекшісі.
Ұйымның берген талап арызы бойынша бүгін, 25 қыркүйекте сот отырысы өтуі тиіс болған. Ербол Дәулетбекұлы сағат 15:30-ға белгіленген сот отырысына барып, талап-арыздарын қайтарып алатынын жеткізді.
Алматы қалалық әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімінің жетекшісі Ақерке Қожахметқызы Азаттыққа "Атажұрт еріктілері" ұйымын 24 қыркүйекте тіркегенін растады. Оның айтуынша, "ұйым бұған дейін құжатта жіберген қателіктердің бәрін жойған".
"Атажұрты еріктілері" ұйымы 2017 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. Қытайдағы аз ұлттардың қысымға ұшырауы туралы айтып жүрген ұйымның бұрынғы жетекшісі Серікжан Біләшқа наурыз айында "әлеуметтік алауыздық тудырды" деген айып тағылып, бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырды. Оның ісіне халықаралық ұйымдар реакция білдірді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Біләшті босатуды талап еткен акциялар өтті.
Тамыз айында Алматы қаласы Әуезов аудандық соты оны қамаудан босатып, 110 мың теңге (шамамен 288 доллар) көлемінде айыппұл салды. Серікжан Біләш ұсталғаннан кейін ұйымға Ербол Дәулетбекұлы жетекшілік етіп келеді.
Оқи отырыңыз: Төртінші рет тіркеле алмаған "Атажұрт еріктілері" сотқа жүгінбек
ПІКІРЛЕР