Қазақстан үкіметі 2020 жылдан бастап көп балалы отбасыларға жәрдемақыны көбейтіп, табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілін өзгертуді ұсынды.
Бұл туралы 7 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов хабарлады.
Министрдің айтуына қарағанда, ұсыныс заң жобасы түрінде әзірленген. Бұл жоба бойынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысына қарамастан 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін (109-187$) жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлердің ерекшеліктеріне қарай өзгереді.
Егер көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те (АӘК) беріледі. Атаулы әлеуметтік көмек күнкөріс минимумының 70 пайызы деңгейінде сақталады. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы әлеуметтік келісімшарт арқылы еңбекпен қамту орталықтарымен белсенді жұмыс істеуі тиіс. Еңбекпен қамту орталықтары арқылы ұсынылатын жұмыс орындарының жалақысын мемлекет төлейді; жеңілдетілген кредит беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.
Жаңа жылдан бастап табысы аз отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына арналған әлеуметтік пакет жасалады. Әлеуметтік пакетте балалар тағамы, гигиеналық заттар, балалардың ой-қимыл жүйесін дамытқыш құралдар бар. Ал 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға мектеп формасы, жолақысы төленіп, мектепте тегін тамақ беріледі. Табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына мемлекет кепіл берген тегін медициналық көмек көрсетіледі.
Үкімет отырысына қатысқан вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті бұлай нақтылай түсу - «мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін» үшін жасалған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша биыл тоғыз айда атаулы 412 мың отбасыға немесе 2 миллион 138 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек берілген. Оның 73 мыңы атаулы әлеуметтік алу үшін табысын "жасырғаны" белгілі болған.
Биыл ақпан айында Астанада (қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы - ред.) тұрмысы төмен отбасының бес сәбиі өрттен қаза болғаннан кейін көп балалы отбасыларға берілетін көмекті көбейтуді талап еткен наразылық акциялары Қазақстаннның әр өңірінде күрт көбейіп, бірнеше айға жалғасты. Осыдан кейін билік табысы төмен отбасыларға көмектесудің түрлі жолдарын ұсынды, сәуір айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек беріле бастады.
ПІКІРЛЕР