Бүгін, 9 қазанда "Өзенмұнайгаз" акционерлік қоғамына қарайтын "Кезби" мердігер компаниясының вахта ауысымына шыққан жүзден астам жұмысшысы Жаңаөзен қаласы әкімдігінің алдына жиналды. Олар компанияда "жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ құрғанына қудаланып жатқанына" шағымданды. "Жұмыс беруші компания жұмысшылардың құқықтарын таптайды, себепсіз жұмыстан шығарады" дейді олар.
Наразы жұмысшылар Жаңаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаровтың бұл іске араласуын талап етті. Бірақ жұмысшылар алдына әкім емес, орынбасары Ғалым Байжанов шықты. Әкімге үшінші рет келіп отырғанын айтқан жұмысшылар "әкім өтінішімізге құлақ аспайды" деп санайды.
- Мұның алдында да екі рет келдік, неге тыңдамайды? Өмірімізге де қауіп төніп тұр. Жұмыс беруші жұмысшыларға қысым көрсетіп жатыр. Кәсіподақ жұмысына заңсыз араласып отыр. Оларды қорқытып, арыз жаздырып, бригадаға барып жүр. Жеке меншік мекемеміз дейді, бізді адам құрлы көріп отырған жоқ, - деді кәсіподақ төрағасы Азамат Жапаров.
Ғалым Байжанов жұмысшылардың шағымын еңбек инспекциясына жібергенін, оны қарау үшін 1-2 ай уақыт қажет екенін айтты. Ол мәселені білмей жатып "нәтиже жоқ" деуге болмайтынын, мәселе қарастырылып жатқанын алға тартты. Ал жұмысшылар "өтінішіміз қаралғанша жұмыссыз қаламыз" деп арыз-шағымдардың баяу қаралатынына наразы болды.
Ғалым Байжановтың "Кезби" компаниясының кеңсесіне барып, мәселені сол жақта талқылау туралы ұсынысына жұмысшылар келіспеді.
Компания жұмысшысы Азамат Жапаровтың айтуынша, жұмыс берушілер кейіннен әкімдікке келіп, мәселені үш тарап болып талқылаған. Бірақ ортақ мәмілеге келе алмаған.
Жиыннан соң кәсіподақтарын қорғауға тырысқан жұмысшылар әкімдік алдында тұрып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады.
-Жұмыс берушілер "Кезби" жұмысшылары құрған кәсіподақ ұйымына қысым көрсетіп келеді. Кәсіподақ мүшелерін кәсіподақтан қоқан-лоқымен шығарады. Кәсіподақ төрағасының өміріне қауіп төндіретін әрекеттерге барып, мекеменің жоғары лауызымды басшылары қарапайым халықты кәсіподақтан шығуға үгіттеп жатыр" деді үндеуді оқыған "Кезби" жұмысшыларының бірі Айберген Аққозиев.
Жұмысшылар тәуелсіз "кәсіподақсыз жұмысшылар құқығы мен еңбек жағдайын жақсарту мүмкін емес" деп санайды.
Азаттық тілшісі "Кезби" мекемесінің кеңсесіне хабарласты. Есімін Мергүл деп таныстырған компанияның Ақтаудағы бас кеңсесінің қызметкері "кеңседе заңгер жоқтығын" айтып, жұмысшылардың шағымына байланысты жауап бере алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша "жұмысшылар бұған дейін қысым жайлы шағым түсірмеген".
Компанияның техникалық директоры Нұрлан Кезбаевпен сөйлесу мүмкін болмады.
"Кезби" компаниясы жұмысшыларының кәсіподағы 2019 жылы 25 шілдеде тіркелген. Ол Жаңаөзен қаласындағы "Ынтымақ" салалық кәсіподағының құрамына енген. Кәсіподақтың 600-ден астам мүшесі бар.
1992 жылы құрылған "Кезби" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Маңғыстау облысындағы мұнай компанияларына ұңғымаларды жөндеу бойынша қызмет көрсетеді.
ПІКІРЛЕР