Accessibility links

Батырбековті кәсіби қызметіне байланысты қуғындалған журналистер тізіміне енгізді


Журналист Амангелді Батырбеков.
Журналист Амангелді Батырбеков.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" (RSF) ұйымы Амангелді Батырбековті 2019 жылы кәсіби қызметіне байланысты түрмеге қамалған журналистер тізіміне енгізді

23 қыркүйекте Түркістан облысы Сарыағаш аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековті Қылмыстық кодекстің "жала жабу" және "қорлау" баптары бойынша кінәлі деп танып 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. Сот үкіміне сәйкес, Амангелді Батырбеков Facebook парақшасында жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиетін, қадір-қасиетін қорлайтын сөздер жариялаған".

Батырбековтің әйелі, қоғамдық қорғаушысы Гүлзада Баймұратова күйеуі өзіне тағылған айыпты мойындамағанын, сотта бірде-бір дәлелі ескерілмегенін мәлімдеген.

8 қазанда Шымкентте белсенділер Батырбековті босатуға шақырып, оны қорғау жөнінде комитет құрды. 14 қазанда "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы журналисті қорғап мәлімдеме таратты.

2017 жылы қаңтар айында да "Сарыағаш аудандық прокурорының орынбасарына жала жапты" деген айыппен Батырбековтің бір жарым жылға бас бостандығы шектелген.

"Әділ сөз" дерегінше, биыл алғашқы төрт айда Қазақстанда кемінде тоғыз журналист жала жабу бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұған дейін халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін бірнеше рет жала жабу бабын Қылмыстық кодекстен алып тастауға шақырған.

"Шекарасыз тілшілер" дерегінше, қазір әлемнің 180 елінде 234 журналист түрмеде отыр. Ұйымның 2018 жылдың қорытындысы бойынша түзген баспасөз бостандығы тізімінде Қазақстан әлемдегі 180 елдің арасында өткен жылғы көрсеткіштен бір орынға төмендеп, 158-ші боп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG