Accessibility links

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Ерлан Балтабайды босатуға шақырды


Ерлан Балтабай сотта отыр. Шымкент, 16 қазан 2019 жыл.
Ерлан Балтабай сотта отыр. Шымкент, 16 қазан 2019 жыл.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ITUC) президент рақымшылығымен босап шығып, бірақ "айыппұл төлемеуіне" байланысты жақында қайта бес айға қамалған кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды босатуға шақырды.

"Ерлан Балтабайды әуел бастан негізсіз қамады. Оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тұтастай әділ сот пародиясына ұқсайды. Оның президент жарлығымен босап шығуын жылы қабылдадық. Билікті президент жарлығы негізінде оны босатуға шақырамыз. Сонымен бірге, бастапқыда шығарылған негізсіз саяси астары бар сот үкімінің күшін жоюға шақырамыз" деді "Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының" бас хатшысы Шаран Барроу.

16 қазанда Шымкент соты бастапқыда "Сеніп тапсырған мүлікті иемдену" бабы бойынша жеті жылға сотталып, кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың рақымшылығымен босап шыққан кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабайды 5 ай 8 күнге қамау туралы қаулы шығарған. Сот үкімін оқыған судья президент рақымшылығынан соң Балтабайдың түрме жазасы 1 млн 595 мың теңге (4150 доллар) айыппұлмен алмастырылғанын, бірақ Балтабайдың оны төлеуден бас тартқанын алға тартқан еді. Ал Балтабай бұған дейінгі соттарда "өзінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысқанын, бірақ оған мұрсат берілмегенін" айтты.

17 шілде күні Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты "Лайықты еңбек" кәсіподағы мен отын-энергетика кешенінің салалық кәсіподақ төрағасы Ерлан Балтабайды Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырған мүлікті иемдену» бабы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға соттаған. Сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын, істің саяси астары бар екенін айтқан. Ал оның ісін қараған судья "Балтабайдың кінәсі толық дәлелденді" деген.

Сот үкімі шыққан соң қазақстандық құқық қорғаушылар және бірқатар халықаралық ұйымдар Қазақстан билігін үкімнің күшін жойып, белсендіні босатуға шақырған. Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросы, "Халықаралық құқықтық бастама" және "Либерти" қоры 31 шілдеде таратқан мәлімдемесінде Балтабайға шығарылған үкім "еңбек саласындағы бірлесу еркіндігі туралы халықаралық стандарттар мен қазақстандық заң нормасы өрескел бұзылғанын көрсетті" деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар "билік тәуелсіз кәсіподақтар қозғалысын қорқыту және құрту науқанын" жалғастырып отыр деген.

9 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Балтабайға рақымшылық жазған. Бірақ ол кезде Балтабайдың жазасы айыппұлмен алмастырылғаны жайлы айталмаған. Бірақ қыркүйекте Балтабай түрмеден шыққанымен кәсіподақ жұмысына қайта төрағалық етуге кедергі барын айтып, рақымшылықтан бас тартатынын мәлімдеген. Ол президент Тоқаевқа хат жазғанын, енді сот арқылы заңсыз сотталғанын дәлелдеуге тырысатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG