Accessibility links

"Өмірге құлшынысым оянды". Азаттық мақаласы мүмкіндігі шектеулі жанның өмірін өзгертті


Мүмкіндігі шектеулі Николай Подшивалов өзі қайнатқан сабынды көрсетіп отыр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.
Мүмкіндігі шектеулі Николай Подшивалов өзі қайнатқан сабынды көрсетіп отыр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.

Қарағанды қаласының маңындағы Берлин ауылында тұратын бірінші топтағы мүгедек Николай Подшивалов Азаттықта өзі туралы материал шыққаннан кейін өмірінде жақсы өзгерістер болғанын айтады. Шенеуніктердің немқұрайды көзқарасы, мүмкіндігі шектеулі жандар кездесетін кедергілер мен арманы туралы ой бөліскен Подшивалов жағдайына бей-жай қарамаған отандастарының қолдауына алғыс білдірді.

"ӨМІРІМДЕ КӨП ӨЗГЕРІС БОЛДЫ"

35 жастағы Николай Подшиваловтың өмірі соңғы бірнеше аптада күрт өзгерген. ДЦП диагнозы бар, омыртқасы зақымданған, аяғы мен бүйрегі ауыратын Николай Подшивалов осыдан бір ай ғана бұрын үйінен ұзап шықпай, кейде балдақпен жақын жердегі дүкенге ғана баратын. Ал қазір Николай жеке шаруасымен көп жүретін болған.

Қараша айында Азаттық Николайдың өмірі туралы материал жарияланғаннан кейін мүгедектердің "Жан Дос" қоғамдық бірлестігі оған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған байқауға қатысып, қолдан жасаған сабынын қолөнер шеберлері жәрмеңкесіне шығаруды ұсынған. Николай "Еңбекке талпынысы үшін" дипломымен марапатталып, жәрмеңкеде бірнеше сабын сатқан.

Осыдан кейін Николайдың бос уақытында айналысатын ісі көбейген. Қазір ол спорт үйірмесіне қатысады: Қарағандыдағы "Карат" спорт кешені Подшиваловқа аптасына екі рет мүгедектерге арналған волейбол жаттығуына тегін қатысуға жағдай жасаған. Николай мүгедектерге арналған спорт үйірмесі барын бірінші рет қолөнер шеберлері жәрмеңкесінде естіп-білген.

Кейін оған сабын жасау кәсібімен айналысатын қарағандылық азамат хабарласып, Николайдың тауарын өз дүкеніне сатуға қоюды ұсынған және сабын жасауға қажетті қоспаларды қарызға беруге келіскен. Николай оның ақшасын бөліп төлемек.

Енді Николайдың қосымша табыс көзі бар. Ол табиғи сабынның 10 данасын дүкенге апарып үлгерген. Мереке қарсаңында тауарын сатып алушылар табылар деп үміттеніп жүр.

Николайдың сөзінше, Азаттықта өзі туралы материал жарияланғаннан кейін оны әлеуметтік желіден тауып алып, қолдан жасаған бұйымдарын сұраушылар табылған. Әзірге тапсырыс көп емес, бірақ Николайға осының өзі маңызды. Ол билік өзіне жұмыс табуға көмектесер деп күткен. Бірақ оған мүгедектік санатын берген кезде құжатқа "еңбекке жарамсыз" деп тіркегендіктен қазір Николай қандай да бір ұйымға не мекемеге жұмысқа тұра алмайды. Өзі мұнымен келіспейді – белгілі бір кесте бойынша немесе үйде отырып жұмыс істеуге мүмкіндігім бар деп санайды. Ол қазір қолөнерге ерекше ден қойған.

Николай Подшивалов үйінің ауласында тұр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.
Николай Подшивалов үйінің ауласында тұр. Берлин ауылы, Қарағанды облысы.

Николай қолынан шыққан өнімдер туралы ақпарат жариялау үшін сайт ашып, тапсырыс берушілердің қатарын көбейтіп, жаңа адамдармен танысқысы келеді. Оның бұл тілегін іс асыруға Азаттық оқырманы Тимур Тәжібек көмектесіп, бір апта бұрын Николайға ноутбук сыйлаған. Қазір Николай бұрыннан армандап келген, енді қолы жеткен техникасын меңгеріп жүр.

- Өз басымдағы жағдай туралы материал жарияланғаннан кейін өмірімде көп өзгеріс болды. Енді менде құлшыныс пайда болды, бос уақытымды арнайтын ісім, аз да болса қосымша табысым бар. Қол ұшын бергендердің бәріне алғысымды білдіремін. Мүмкіндігі шектеулі жандар басындағы жағдай мен кездескен кедергілер жайлы айтуы керек деп санаймын. Ал шенеуніктер бізбен сөйлесіп, ақпарат беріп, түсіндіруі қажет. Біз бәрін біле бермейміз ғой, - дейді Николай Подшивалов.

Мүмкіндігі шектеулі жандар басындағы жағдай мен кездескен кедергілер жайлы айтуы керек деп санаймын.

"Жан Дос" қоғамдық бірлестігінің өкілдері қазір Подшиваловқа мемлекеттік органдар түсіндіруі керек мәселелер бойынша консультативті көмек көрсетіп жүр. Ұйым өкілінің айтуынша, Николай мүмкіндігі шектеулі жандарға заң бойынша берілуі керек көмек туралы көп ақпараттан бейхабар болған.

- Николай мүгедектерге арналған такси қызметін тегін пайдалана алады. Бірақ, түсінгенімше, ол бұл такси қызметін бірде бір рет пайдаланып көрмеген. Оған бұл үшін қандай құжат жинау керегін түсіндірдім. Өзі сұраған шипажайда емделуге жолдама алу үшін жеке оңалту бағдарламасында бұл көмек түрі қамтылуы керек. Құжатта шипажайға жолдама көрсетілмесе, шенеуніктерге жүгініп, оңалту бағдарламасын қайта жасауға болады. Бұл біраз әуре-сарсаңға салуы мүмкін, бірақ қаласа, іске асыруға болатын жұмыс. Мүгедек жандарға мемлекеттен берілетін міндетті көмек түрлері туралы ақпарат дұрыс жетпейді. Николайға тауарын сатуға көмектесуді ұсындым: өнімнің суреті мен ол туралы ақпаратты біздің қоғамдық бірлестікпен жұмыс істейтін сайттарға жариялауға болады. Қазір Николайдан суреттер күтіп отырмын, - дейді "Жан Дос" қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Федор Старыгин.

БИЛІК РЕАКЦИЯСЫ

Николай Подшиваловтың сөзінше, бұрын жергілікті мемлекеттік органдар оның тағдырына көңіл бөлмеген, "бірінші топ мүгедегіне заң бойынша берілуі тиіс көмек дұрыс жетіп отыр ма?" деп сұрамаған, тексеру жүргізбеген. Билік Подшиваловтың мәселесі туралы мақала шыққаннан кейін ғана Николайға назар бұрып, қандай өтініш-тілегі барын, заң бойынша берілуі тиіс балдақ пен ортопедиялық аяқ киім алу үшін өтініш жазуды сұраған. Бұған дейін шенеуніктер Азаттыққа Николай Подшиваловтың 2015 жылы арнаулы аяқ киім мен балдақ алғаннан кейін ортопедиялық құралдар сұрап, екінші рет өтініш бермегенін айтқан еді.

Азаттық тілшісі шенеуніктерден Николай Подшивалов басындағы жағдайын бүкпесіз баяндағаннан кейін не өзгергенін сұрады.

- Мүгедек адамдар оңалту құралдарымен берген өтініші негізінде қамтылады. Подшиваловқа жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне протезді-ортопедиялық құралдармен қамту туралы өтініш беруді ұсындық. Қарағанды қаласында облыстық мәслихаттың шешімі бойынша бекітілген жеңілдікпен жол жүру билетін алу үшін Подшивалов аталған бөлімге құжаттар мен мемлекеттік көмек аударылатын ашық шот өткізуі керек. 2014-2018 жылдары Подшиваловқа жеке көмекші берілген. Биыл базада бала күнінен бірінші топ мүгедегі ретінде жәрдемақы алатын азамат есебінде тұр, - деді Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі.

"Николай Подшивалов мүгедектерге арналған такси қызметін тегін пайдалана ала ма?" деген сұраққа бөлім қызметкері "Иә" деп жауап берді. Николайдың сөзінше, ол бұрын мұндай қызмет түрін пайдалануға болатынын білмеген.

Ресми дерек бойынша, Қарағанды облысында 67 мың мүгедек тұрады. Бұл – елдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шамамен 10 пайызы. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары және Батыс мемлекеттері Қазақстан билігін мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергі жасалмайтын қоғам құруға шақырып келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG