31 желтоқсанда Ирак астанасы Бағдатта АҚШ елшілігі алдына жиналған мыңдаған наразы адам америкалық күштердің шииттер жасағына әуеден соққы бергеніне наразылық білдірді. Олар "Америкаға өлім келсін!" деп айғайлап, тас лақтырып, АҚШ туы мен елшілік қоршауының қақпасын өртеген.
Наразылардың кейбірі елшілік қақпасын сындырып, ішке қарай басып кірмекші болған. Ирак қауіпсіздік күштері наразыларды тарату үшін жас ағызатын газ шашқан.
АҚШ Бағдаттағы елшілігіндегі қызметкерлерін күнібұрын эвакуациялаған деп хабарлайды Reuters.
29 желтоқсанда АҚШ күштері "Катаиб Хезболла" шииттер тобының Ирак пен Сириядағы базаларына әуеден шабуылдаған. Кемінде 25 адам қаза тауып, ондаған адам жараланған.
АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілдері мұны 27 желтоқсанда Киркук маңындағы әскери базаға жасалған шабуылға жауап ретіндегі "қорғаныс соққысы" деп атады. Ол шабуылдың салдарынан келісім-шарт бойынша жұмыс істейтін бір америкалық қаза тауып, АҚШ-тың бірнеше әскери қызметкері жараланғаны туралы ақпарат тараған. Бұл шабуылды Иран қолдайтын "Катаиб Хезболла" тобының мүшелері жасаған болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Ирак премьер-министрі Әділ Абдул-Махди АҚШ бұл әрекетімен Ирактың егемендігіне нұқсан келтірді деп мәлімдеген. "Катаиб Хезболла" басшысы Вашингтонға қатаң жауап беретіндерін айтқан.
Соңғы айларда Иранды жақтайтын шиит күштері Ирактағы Балад, Айн әл-Ассад, Таджи қалалары мен Бағдат әуежайындағы базалардағы америкалық әскерилерге, сонымен бірге АҚШ елшілігіне соққы берген.
Желтоқсанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ирактағы әскери базаларға шабуылға ираншыл топтарды айыптаған.
Қазір Иракта шамамен 5 мыңға жуық АҚШ әскерилері бар.
ПІКІРЛЕР