8 ақпанда кешке Қордай ауданындағы жанжалға байланысты ұсталғандар босатылып, тұрғындар үйлеріне тарқады деп хабарлады оқиға орнында болған Азаттық тілшілері. Күндіз мұнда Масанчи мен Қаракемер ауылының ортасына 150-200 адам жиналып, қамаудағыларды босатуды талап еткен еді.
Жамбыл облысының әкімдік өкілдері Қордайдағы изолятордан - 47 адам, Ауқатты ауылынан 36 адамның босатылғанын хабарлады. Ауыл тұрғындары да Азаттық тілшісіне биліктің сөзін растап "адамдарымыз түгел, бәрі шықты" деді.
Дегенмен босатылған азаматтардың санына байланысты жергілікті БАҚ-та өзге де дерек айтылады. Tengrinews-дің жазуынша, 8 ақпанда кешке қарай Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жанжалға байланысты Қордайда - 47, Ауқатты ауылында - 44 адам ұсталған, олардың барлығы жанжалға қатысы болмағандықтан босатылды деп мәлімдеген.
Бұған дейін ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қордай ауданындағы жанжалға байланысты 47 адам ұсталды деп айтқан.
8 ақпан күндіз жұрт наразылығынан соң билік 47 адамның бәрін босатуға келіскен кезде Қаракемер тұрғындары көрші Ауқатты ауылында да 40-тан астам адамның қамауда отырғанын айтып, оларды да босатуды талап еткен еді. Ауқатты ауылындағы "қамалғандар жайлы ақпарат" сол кезде белгілі болған. Бірақ ішкі істер министрлігі де, Жамбыл облыстық полиция департаменті де ұсталғандар санындағы айырмашылыққа байланысты түсініктеме бермеді.
Видео: Тұрғындар қамалғандарды босатуды талап етті (8 ақпан 2020 жыл).
Ақпанның 7-сі күні Жамбыл облысы Қордай ауданындағы бірнеше елді мекенде тұрғындар арасында жанжал болды. Ішкі істер министрлігі 8 адамның өлгенін, 40-тан астам адамның жарақаттанғанын хабарлады. Полиция "Адам өлтіру" және "Тәртіпсіздік ұйымдастыру" бабы бойынша қылмыстық істер қозғады.
ПІКІРЛЕР