Accessibility links

Мырзахметов Жамбыл облысы әкімі қызметінен босатылды. Орнына Сапарбаев тағайындалды


Бердібек Сапарбаев үкімет отырысында. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.
Бердібек Сапарбаев үкімет отырысында. Нұр-Сұлтан, 24 қаңтар 2020 жыл.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қызметінен босатылды. Оның орнына облыс әкімі болып Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады.

Сапарбаев бұған дейін премьер-министрдің орынбасары болған. Мырзахметов Жамбыл облысына әкім болып, 2018 жылы 10 қаңтарда тағайындалған.

Асқар Мырзахметов Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жанжалдан кейін қызметінен кетті. Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев жанжалдан соң облыс әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені, Жамбыл облысы полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай ауданы полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызметінен босатуды бұйырған.

7 ақпан кешкісін Жамбыл облысы Қордай ауданында этникалық қазақтар мен этникалық дүнгендер арасында жанжал шығып, 10 адам қаза тапқан. Қырықтан астам адам жаралаған. Жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында 15 ғимарат мен 30-дан астам үй бүлініп, 23 көлік өртенген. Бұл ауылдарда көбіне этникалық дүнгендер тұрады.

Этникалық жанжалдан кейін үкіметтік комиссия құрылып, оны Бердібек Сапарбаев басқарған.

Оқиғадан соң 47 астам адам ұсталғаны хабарланған. 8 ақпанда тұрғындар, көбі қазақ, Қаракемер мен Масанчи арасындағы жолға жиналып, полициядан ұсталғандарды босатуды талап етті. Кейін билік ұсталған адамдардың босатылғанын хабарлаған соң жиналғандар тараған. Үкімет жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Этникалық қазақтардың этникалық дүнгендермен жанжалдасуына не себеп болғаны нақты белгісіз. Бірақ ауыл тұрғындарының сөзінше, бірнеше адам жолға таласып, арты төбелеске ұласқан. Осы төбелес кейін үлкен жанжалға ұласқан.

Қазір Қордай ауданында төтенше жағдай жарияланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG