Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бассауғалап көрші Қырғызстан аумағына өтіп кеткен 8 мыңға жуық қазақстандық елге қайтарылды. Бұл туралы 11 ақпанда Нұр-Сұлтандағы үкімет отырысы барысында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев хабарлады. Әкім облыстағы қазіргі жағдайды "тұрақты" деп сипаттады.
"Екі күннің ішінде сегіз мыңға жуық азамат (Қырғызстаннан Қазақстанға) қайтарылды. Кешеден бастап мектеп, балабақшаның барлығы бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Барлық сауда дүкендері де жұмысын бастады" деді ол.
Сонымен бірге Сапарбаев Қордайдағы оқиғалар кезінде 19 полиция қызметкері зардап шеккенін айтты.
"Бес күннің ішінде дәрігердің көмегіне 141 адам жүгінген, соның 19-ы – құқық қызметкерлері. Он адам қаза тапты. Құрбан болғандардың барлығының отбасына жәрдем көрсетіліп жатыр" деді әкім.
Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі кезде Қордай аудандық ауруханасында 13 адам емделіп жатыр, тағы 20 адам – Алматы ауруханасына жатқызылған. Бұған қоса шенеунік Қырғызстан ауруханасындағы қазақстандықтардың елге жеткізілгенін хабарлады.
"Қырғызстанда болған адамдарды Алматы мен Таразға жеткіздік. Қазір онда (Қырғызстанда – ред.) ешкім қалған жоқ" деді әкім.
Үкімет отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген облыс әкімі қазіргі уақытта Қордай ауданында жаппай қақтығыс салдарынан келген шығын көлемі анықталып жатқанын, оның есебі шыққан соң зиян шеккендерде өтемақы төлеу туралы үкіметке ұсыныс енгізілетінін мәлімдеді.
Қордайдағы оқиғалар мемлекеттің әлеуметтік саясаты сәтсіз болғанын білдірмей ме деген сауалға Сапарбаев "әлеуметтік саясат ешқандай сәтсіз болған жоқ, бұл Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де болатын жағдай" деп жауап берді. Сапарбаев оқиғаны "ұлтаралық қақтығыс" деген сипаттаумен келіспейтінін айтты. "Бұл жерде ұлтаралық мәселе жоқ, бұл тұрмыстық даудан туындады, жақын арада нақты бір шешім шығарып, тиісті шара қолданамыз" деді облыс әкімі.
Дүйсенбі күні Қазақстан президентінің жарлығымен премьер-министрдің орынбасары қызметіндегі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған. 11 ақпанда Сапарбаев Жамбыл облысындағы жаппай қақтығыстардан кейін құрылған үкіметтің арнайы комиссиясының жетекшісі болып қалатынын айтты.
Оқи отырыңыз: "Ұлтаралық келісімнің" қауқарсыз моделі. Қордайдағы жанжал нені аңғартты?
Ақпанның 8-іне қараған түні Жамбыл облысы Қордай ауданында болған жаппай қақтығыстар салдарынан, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, ондаған адам жараланды. Жаппай тәртіпсіздіктер Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында болған. Жанжал барысында тұрғындар меншігіндегі ондаған ғимарат пен өзге де дүние-мүлік өртеніп, бүлінген.
Жанжалдан соң мыңдаға адам Қазақстаннан Қырғызстанға қашып өткен. 9 ақпанда Қазақстан билігі Қырғызстанға өтіп кеткендердің кейбірі үйлеріне орала бастағанын мәлімдеді.
Халықаралық басылымдар этникалық қақтығыс деп сипаттаған жанжалдан кейін үкімет арнайы комиссия құрып, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Билік Қордайдағы оқиғаларды "тұрмыстық жанжал" деп атап, оған байланысты 25 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
ПІКІРЛЕР