Атыраудан Алматыға "Демократиялық партия" съезіне шыққан делегаттарды полиция ұстады. Бұл туралы Азаттыққа жергілікті белсенді Талғат Аян хабарлады.
- Мені, Дәрия Ұлжағалиева мен Рүстем Кажимовты облыстық полиция департаментіне, тергеушіге алып келді. Не үшін әкелгенін түсіндірмей, "бір қылмыстық іс бойынша" деген желеу айтты. Адвокатымды күтіп отырмын, Дәрия мен Рүстем тергеуге кіріп кетті, - деді Талғат Аян.
Оның сөзінше, Дәрия Ұлжағалиеваны бүгін, 18 ақпанда таңертең пойызға шығып бара жатқанда, ал Рүстем екеуін теміржол вокзалынан алып кеткен.
- Бастапқыда 30-ға жуық делегат шығуымыз керек еді, он адам осыған дейін түрлі қысымға шыдамай билеттерін өткізді. Бүгін тағы екі делегаттың билетін белгісіз біреулер кассаға тапсырып кетіпті. Оны билет иелері білмейтін болып шықты. Оның бірі қазір полицияда отыр деп естідім. Бүгіннен қалсақ, Алматыда өтетін демократиялық партия съезіне жете алмаймыз. Ұшақ билеті тым қымбат, - деді Талғат Аян.
Оның сөзінше, кеше Атырау белсенділерінің бірі Алтынгүл Ешімова да полицияға шақырту алған. Ешімоваға "Қылмыстық кодекстің 400 - бабы бойынша қозғалған іске" байланысты тергеуге келуі тиістігі айтылған.
Тіркелмеген "Демократиялық партия" партия ұйымдастырушысы Жанболат Мамай партияның Алматыда өтетін құрылтай съезіне шыққан Атыраудың 10-ға жуық белсендісін облыстық полиция департаментіне алып кеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Кеше, Жаңаөзен қаласының тұрғыны Мұратбай Жұмағалиев есігінің алдында тұрған көлігін түн ортасында белгісіз біреулер өртеп кеткенін хабарлап, оны "Алматыда өтетін Демократиялық партия съезіне баратын делегаттарға кедергі келтіру деп білетінін" айтқан.
Осы оқиғадан кейін Жанболат Мамай "демократиялық партия белсенділеріне жасалып жатқан арандатулар туралы" шұғыл баспасөз жиынын өткізген.
Биыл қаңтардың 20-сына Алматы қаласының прокуратурасына Жанболат Мамай бастаған оннан астам белсенділер барып, "Қазақстанның демократиялық партиясының" бастамашыл тобына билік қысым жасап отырғанын мәлімдеген болатын.
"Демократиялық партия" партия ұйымдастырушысы Жанболат Мамай 22 ақпанда партияның құрылтай съезі өтетінін жариялаған еді. Қазақстан заңы бойынша, партия құру үшін мың адам қатысатын съезд өткізу қажет.
ПІКІРЛЕР