Қордайдағы ұлтаралық жанжалға байланысты шамамен 90 қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 19 ақпанда Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожаев хабарлады.
"Қазір жүздеген адамнан жауап алынды, оқиғаға қатысушының рөлін анықтау үшін процессуалдық шаралар, қажетті сараптамалар жүріп жатыр. Қажетті процессуалдық шаралар аяқталғаннан кейін кінәлілер жауапқа тартылады... Түрлі эпизод бойынша 90 қылмыстық іс [қозғалды]. Тергеудің жалпы мерзімі - 2 ай" деді ол.
Қожаевтың айтуынша, оқиғаға байланысты жаңа деректер пайда болғандықтан барған сайын қылмыстық істер саны да көбейіп барады. Бұған дейін билік "7 ақпанда болған жанжалға байланысты 25 қылмыстық іс қозғалды" деп мәлімдеген еді.
Марат Қожаев тергеудің қашан аяқталатынын айта алмады. Ол "жанжалдың ушығуына түрткі болған" ақсақалды ұрып-соғу фактісі бойынша да күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
"Жанжал шығарып, полицияға бағынбағандар бойынша үш адам анықталып, ұсталды. Іс сотқа жіберілді. Қарт кісінің соқыға жығылу оқиғасында да онда да кінәлілер анықталып, ұсталды, қамалды. Қалған арандатушылар мен айтақтаушыларға қатысты ақпаратты сәл кейінірек аласыздар. Себебі қазір тергеу жүріп жатыр" деді Марат Қожаев.
Ақпанның 7-і кешке Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер жанжалдасып, ресми дерек бойынша, 10 адам қаза тауып, 180-нен аса адам зардап шеккен. Кейін жанжал болған Масанчи ауылында қираған ғимараттан тағы бір адамның мүрдесі табылды. Полиция өлі күйінде табылған адамның кім екенін әлі айтқан жоқ.
Қордайдағы жанжал кезінде Қырғызстанмен шекараға жақын орналасқан, негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында, ресми мәлімет бойынша, 20 сауда орны мен 39 үй бүлініп, 47 көлік өртенді.
Жанжал салдарынан 23 мыңнан астам адам көрші Қырғызстанға қашқан. Кейін үкімет Қырғызстанға кеткендер үйіне оралғанын хабарлады.
Билік жанжал қарт ер адамның жаралануымен аяқталған жол үстіндегі кикілжіңнен шыққан деп мәлімдеді. Кикілжіңнен соң қазақтар жиналып, дүнгендер тұратын ауылдарға барған.
18 ақпанда Жамбыл облысының полициясы Қордай ауданындағы ұлтаралық жанжалға себеп болған жолдағы төбелеске қатысуы мүмкін ұлты дүнген үш ағайындыны қамауға алды. Қазақстан бас прокуратурасы Воингуй отбасынан шыққан үш ағайынды полицияға шабуыл жасады деген күдікпен қамалғанын, оларға қатысты іс Қордай аудандық сотына жолданғанын мәлімдеді.
Қордайдағы жанжалдан соң Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов бастаған бірнеше шенеунік және полиция департаментінің басшысы қызметтен кетті.
ПІКІРЛЕР