ІІМ АЛДЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы суық хабар ақпанның 25-і күні әлеуметтік желіде лезде тарады. Белсендінің ондаған жақтасы Жетіген көшесіндегі уақытша ұстау абақтысының алдына жиналды, өзгелері ішкі істер министрлігіне баруды ұйғарды.
Сейсенбіде түске қарай Қазақстан ішкі істер министрлігінің алдына келген ондаған адам биліктен Дулат Ағаділдің қазасы туралы шындықты айтуды, сонымен бірге Нұр-Сұлтанда үкіметке қарсылық шеруі өтеді деп алдын ала хабарланған ақпанның 22-і күні қамауға алынған өзге белсенділердің аман-есен екенін өздеріне көрсетуді және ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың өздеріне шығып, белсендінің қазасына байланысты сұрақтарына жауап беруін талап етті.
Ағаділмен таныс, пікірлес болғанын айтқан Назым Серібекова марқұмды "ішімдік татып алмайтын, темекі тартпайтын" және ешқашан жүрегі ауыратыны туралы шағымданбаған адам ретінде сипаттайды. Ішкі істер министрлігінің алдына келгендердің көбі Ағаділдің қазасы төбеде жай түскендей әсер еткенін айтты, кейбіреуі көзіне жас алды.
- Біз Ағаділдің қазасының жай-жапсарын анықтау үшін штаб құрдық. Штаб Ағаділдің қалай қайтыс болғанын және ақтық демі таусылар сәтте қасында кім болғанын анықтау туралы шешім қабылдады, - деді жиналғандардың бірі.
ІІМ алдында жарты сағаттай тұрған наразы азаматтар министрлік басшылығынан ешкім шықпаған соң Тәуелсіздік даңғылындағы автокөлік жолын жаппақ болды.
- Өлтірді, Ағаділді осындайлар өлтірген! - деп айғайлады ашу-ызаға булыққандардың бірі полиция қызметкерлерін нұсқап.
Ондаған адам жолға шығысымен полицияның арнайы жасағы оларды жаппай ұстай бастады. Полиция күші "Бұларың не, бұл келіншектің аяғы ауыр ғой!" деген айғайға да қараған жоқ, жол үстінде тұрғандарды шетінен ұстап, күштеп автобусқа салып алып кетті.
AzatNEWS: Белсендінің өлімі жайлы барлық ақпарат
Нұр-Сұлтан полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев Азаттық тілшісінің сұрағына жауабында министрліктің алдына жиналған адамдар жолды жауып, көлік қозғалысына бөгет жасағандықтан ұсталды деп түсіндірдіі. Ол полиция автобусқа күштеп салғандардың арасындағы әйелдер астанадағы аудандық полиция басқармаларына жеткізілген соң босатылады деп уәде берді.
- Ал арасында кейбір арандатушылар да бар ер азаматтармен әңгіме өткізілетін болады, - деді Малыбаев.
Полиция шенеунігі журналистермен сөйлесіп тұрған кезде оның жанында тұрған әйелдер белсенді Ағаділдің өліміне билікті айыптады.
- Сендер өлтірдіңдер! Назарбаев өлтірді! Тоқаев өлтірді! - деп айғайлады бір әйел.
Малыбаев оны сабырға шақыруға тырысты.
- Олай демеңіз, алдын ала хабарламада "жүрегі қысым қалған" деді ғой. Оның бәрін сот-медициналық сараптама анықтайтын болады. Әуелі ресми мәліметті күтейік. Сізге елге бүлік салмаңыз, болды апа, өйтіп айтпаңыз! - деді полиция өкілі.
Біраздан соң ғимарат алдында қалған оннан астам адамды ішкі істер министрлігіне кіргізді. Министрдің орынбасары, полиция полковнигі Арыстанғали Заппаров белсендінің қазасының себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама жүргізілетінін, оған Дулат Ағаділдің туған бауыры Қанат қатысатынын хабарлады. Вице-министр тергеу абақтысындағы барлық бақылау камераларының таспалары зерттеледі деп мәлімдеді.
Наразы жұртпен кездесуге Заппаровпен бірге шыққан ІІМ ішкі қауіпсіздік департаментінің бастығы Арман Саданов таңертеңгі сағат 8-ден кейін Дулат Ағаділдің қайтыс болғанын тергеу абақтысына шақырылған жедел жәрдем қызметкерлері тіркегенін хабарлады.
- Ұсталғаннан кейін тексеру барысында ол орта дәрежелі масаң күйде болған. Ол масаң болғандықтан түн мезгілінде өзін нашар сезінген. Түні бойы бірнеше рет лоқсыған. Бірақ ол ешкімді шақырмаған. Тергеуде жатқан тұтқындардың өтініші бойынша бақылаушы кіріп көрген. Сағат 6:00-де барлығын төсектен тұрғызған. 6:30-да таңғы ас таратылған. Сағат жетінің шамасында ол әжетханаға кірген, 15 минуттай болып, шыққан соң жүресінен отырып, өзін нашар сезініп тұрғанын айтқан. Шамамен 7:30-7:40 кезінде бақылаушы жедел жәрдем шақырған және тергеуде жатқан тұтқындармен бірге Ағаділге алғашқы жәрдем көрсетуге тырысқан. Сағат сегізге қарай жедел жәрдем келген. 8:15 кезінде сол жерде болған. Жедел жәрдем сағат 8:20-8:25 кезінде оның қайтыс болғанын тіркеген. Қазір біз егжей-тегжейін зерттеп жатырмыз, - деді Саданов.
Түстен кейін Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда ондаған адам қалалық полиция департаментінің алдына барды. Олар Дулат Ағаділдің қазасы жайлы ресми ақпаратқа күмәнданатынын мәлімдеді.
Наразылар қоғамда отыз жыл бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуге көңіл бөлмей отырған билікті сөгіп, үкіметпен бірге экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев пен ол басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесінің бүкіл құрамы отставкаға кетуін, билікке қарсы шеру жоспарланған ақпанның 22-і күні және оның қарсаңында ұсталған барлық белсенділер мен Қазақстанда түрмеде отырған саяси тұтқындарды босатуды талап етті.
- Кеше Дулатты ұстап әкетіп еді, бүгін сүйегін көрсетті. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімді жалғыз азаматтың жан тыныштығы үшін, сол күйзелмесін деп адамдарды қамап жатыр. Бұл не қылғаны? Сонда біздің өзімізді еркін сезінуге, көңілімізден шықпайтын жайтты сынауымызға құқығымыз жоқ па? Осының бәрі өзін құдай санайтын бір адамның бізге сиырды қалай бағуды, тұрмысымызға шағымданбауымызды және зиратқа, ауруханаға қалай баруды үйретіп, ақыл айтып отыра беруі үшін керек пе? Біздің есебіміз бойынша, жыл басынан бері белсенділерге төрт рет шабуыл жасалды. Мұны жарияланбай жүргізіліп жатқан соғыс деуге болады, - деді белсенділердің бірі Әлнұр Ильяшев.
Видео: Жұрт министрлік алдында белсенді Ағаділді еске алды
Дулат Ағаділдің қазасына байланысты сейсенбі күні Шымкентте де белсенді азаматтар жиналып, қалалық полиция департаментіне барды. Олар биліктен Ағаділдің қазасы туралы шындықты талап етті. Ақтөбе қаласында да бірнеше белсенді дәл осындай талап қойды.
БИЛІКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Сейсенбі күні жергілікті уақытпен сағат 17:00-де Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінде белсенді Дулат Ағаділдің мезгілсіз қазасына байланысты арнайы ұйымдастырылған брифингке Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Азимова, ІІМ, Нұрсұлтан прокуратурасы және Қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) өкілдері қатысты. Билік белсенді қазасына байланысты істі тексерумен Нұр-Сұлтан прокуратурасының арнайы прокурорлар басқармасы айналысатынын мәлімдеді. ІІМ өкілдері Ағаділдің тергеу абақтысына түскен кезінен бастап ақтық демі таусылған сәтке дейін ол жерде не жағдай болғаны жайлы баяндады.
Қоғамдық бақылау комиссиясының өкілі Орынбасар Құлжабаева тергеу абақтысындағы бейнебақылау камераларының таспалары зерттелгенін, онда ешқандай сезікті іс-қимыл байқалмағанын айтты.
- Тергеу абақтысында ешқандай қылмыстық жағдай болмаған. Жәрдем де көрсетілген, дәрігерлерді де шақырған. Сірә, бір кемшін нәрсе болған ғой, мұны куәландырылған [құжатқа] сүйеніп айтып отырмын, ол масаң болған, бұған себептің бірі сол сияқты, - деді ҚБК өкілі Орынбасар Құлжабаева.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Азимова көпшілікті "ұшқары қорытынды" жасамауға шақырып, "маңыздысы оның масаң немесе сау күйінде әкелгенінде емес", оқиғаны барлық жай-жапсары мен тергеу абақтысына қамалған адамның құқығы бұзылды ма, жоқ па – соны анықтау деді.
- Қазір менің өтінішім мен азаматтық құқық қорғау ұйымдарының бастамасы бойынша, біз тәуелсіз сот сараптамасын өткізу үшін тәуелсіз сарапшыларды іздестіріп жатырмыз. Ол азапталды ма, әлде басқадай жапа шекті ме, денесі зақымданған ба – ол жайлы қорытындыны мамандар жасауы тиіс, - деді омбудсмен.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен Батыс елдері үкіметтері Қазақстан билігін түрмедегі азаптауды тоқтатуға бірнеше рет шақырған. Еуропарламент былтыр наурыздағы қарарында Қазақстанда "тұтқындар мен күдіктілерді азаптау" қалыпты жағдайға айналғанын айтқан. АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі адам құқығының ахуалы туралы былтыр жариялаған есебінде Қазақстанда түрмеде отырғандарды азаптау, ұрып-соғу тыйылмай тұрғанына назар аударған.
ҚАМАУДАҒЫ БЕЛСЕНДІНІҢ ЖҰМБАҚ ҚАЗАСЫ
Нұр-Сұлтанда полиция ақпанның 24-і күні кешкісін үйінен әкеткен белсенді Дулат Ағаділ тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда қаза болғаны туралы хабар сейсенбі күні таңертең тарады.
Қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында "1977 жылы туған Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында қайтыс болды" болды деп жазылған.
Полицияның айтуынша, биыл қаңтарда белсендіге айып тағылып, одан ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алынған. "Сотқа құрмет көрсетпегені, судья мен сот отырысына қатысушылардың ар-намысына тигені үшін Дулат Ағаділдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол тергеуге келмегеніне байланысты сот шешімімен ақпанның 24-і күні қамауға алынған" дейді полиция.
Билік ақпаратында "тергеу изоляторының камерасында өзге төрт адаммен бірге болған белсендінің қазасына "жүрек талмасы себеп болғаны" айтылған.
"Жедел жәрдем бригадасы келді. Алдын ала болжам бойынша, белсенді "жүрегі қысып" қайтыс болған. Денесінде еш жарақат жоқ. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды" деп хабарлады Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Дүйсенбінің кешінде азаматтық белсенділер Дулат Ағаділді қарапайым киімдегі белгісіз адамдар үйінен алып кеткенін хабарлаған. Әлеуметтік желіде ол туралы жарияланған видеода қарапайым киімдегі беймәлім адамдардың белсендіні ешқандай белгісі жоқ көлікке күштеп салып, белгісіз жаққа алып кеткені байқалады.
БИЛІККЕ ТАЛАП ҚОЙҒАН АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІ
Дулат Ағаділ – әлеуметтік проблемалар және азаматтық құқықты сақтау мәселесін көтеріп, үкіметке көкейкесті проблемаларға байланысты батыл талап қоятын белсенді ретінде танылды. Билік оны әртүрлі айыппен бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартып, кейінгі жолы үстінен қылмыстық іс қозғады. Өткен жылы ол бірнеше мәрте әкімшілік сот шешімімен жазаға тартылып, кемінде 60 тәулік қамауда отырған.
Дулат Ағаділ 2019 жылғы желтоқсанның 16-сы күні Нұр-Сұлтанда өткен рұқсат етілмеген акцияға қатысты деп айыпталып, 10 тәулікке қамалған еді. Қарашаның ортасында әкімшілік қамауда отырған Ақмол кентіндегі Целиноград аудандық тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін кейін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген. Ол сол кезде әлеуметтік желі арқылы таратқан видеода Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа және Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке үндеу жасаған.
"Халыққа қарасыңыздар, халықпен ойнамаңыздар. Тағы да айтамын, елім, жерім деген адамдарды қудалауды, репрессияны тоқтатыңыздар!" деген Ағаділ. Ол Қазақстанда қамауда отырған, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп таныған Арон Атабек, Макс Боқаев, Серік Жахин, Алмат Жұмағұлов, Мұхтар Жәкішев, Қайырлы Омар сынды азаматтарды бостандыққа шығаруды талап еткен (Қазақстан билігі елде саяси көзқарасы немесе азаматтық белсенділігіне бола қудаланған ешкім жоқ деп мәлімдеп келеді).
Полиция екі күн бойы іздеген белсенді қарашаның 15-і күні бас прокуратураның алдына өзі келген еді.
- Қарашаның 15-і күні қайта қамалғаннан кейін, Целиноград аудандық соты Дулат Ағаділді "сот қаулысын орындамағаны үшін" қосымша 6 тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Осы мерзім аяқталған соң белсенді қарашаның 8-і күні шығарылған шешімге сай жаза мерзімін өтеді;
- қарашаның 8-і күні қамау орнында отырған Дулат Ағаділді "сотқа құрмет танытпағаны" үшін тағы 5 тәулік әкімшілік қамауда ұстау туралы сот қаулысы шыққан еді, белсендінің апелляциялық шағымын қараған сот шешімді күшінде қалдырды;
- қарашаның 4-і күні Ағаділ "сотқа жеткізбек болған полицияға бағынбағаны" үшін әкімшілік сот шешімімен 10 тәулікке қамалды;
- қазанның 28-і күні Целиноград ауданы соты Дулат Ағаділді "полиция бөлімінде билік өкілдерінің талабына мойынсұнбаған" деген айыппен 10 тәулікке қамауға шешім шығарған;
- қыркүйектің 21-іне Ақтөбе соты әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізген Ағаділді "заңсыз митингіге шақырғаны үшін" 15 тәулікке қамауға алды;
- тамыздың 27-і күні Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот Ағаділді "шеру өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, он тәулікке қамады;
- тамыздың 24-інде Дулат Ағаділ "полицияға бағынбады" деген айыппен бес тәулікке қамалған еді. Адвокаты Данияр Ахтановтың айтуынша, сот оны сол күні Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында "заңсыз акция өткізді" деп айыптап, дәлел ретінде белсенділердің тамыздың 23-і АҚШ елшілігі мен Әзірет Сұлтан мешіті алдындағы "саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен наразылықтан түсірілген видеоны пайдаланған.
Қостанай облысында туып-өскен Дулат Ағаділ отбасымен бірге Нұр-Сұлтанның іргесіндегі Талапкер ауылына 2007 жылы көшіп келген. Дулат Ағаділ - алты баланың әкесі. Балалардың үлкендері есейген, кішілері әлі мектеп жасында.
Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев былтыр наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын доғарғаннан кейін (алайда ол мемлекеттік билікке ықпал ететін құзіретін сақтап қалған), Қазақстанда үкіметке қарсы наразылық күшейген. Өткен жылы Қазақстанда саяси және әлеуметтік-экономикалық талаптармен түрлі қарсылық акциялары өтті. Назарбаев орнына қалдырған қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде саяси реформалар жүргізуге және құқық қорғаушылар жазалауға басымдық беріп жазылған деп сынап жүрген заңдарды қайта қарауға уәде еткен. Халықаралық ұйымдар Тоқаевтың уәдесі сөз жүзінде қалып отырғанын, елде билікті сынаушыларды қудалау мен қорқытып-үркіту бұрынғысынша жалғасып отырғанын сынап, Қазақстандағы "онсыз да оңып тұрғаны шамалы адам құқығының ахуалы мүлдем нашарлап кеткенін" айтады.
ПІКІРЛЕР