Accessibility links

Ақтөбе, Шымкент және Таразда белсенділер Дулат Ағаділді еске алды


Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдар. Шымкент, 27 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдар. Шымкент, 27 ақпан 2020 жыл.

27 ақпанда Шымкентте отыздан астам адам өздері жалдаған кеңсеге жиналып, екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділді еске алып, құран бағыштады.

- Бүгін атпалдай азаматымыз Дулат Ағаділден айрылып, бүкіл қазақ халқы қайғы жұтып отыр. Оның өлімі бізге қатты ауыр тиді. Бұл Тоқаев президент болғалы бері демократия үшін, әділдік үшін, шындық үшін күресіп, қаза болған бірінші азамат. Мұны біз ешуақытта ұмыта алмаймыз. Ел мүддесі үшін азаматтарды қудалауды доғарыңдар! - деді сөзін билікке үндеу жасап аяқтаған белсенді Жарқынбек Сейтінбек.

Дулат Ағаділмен қоштасу рәсіміне келген белсенділер. Шымкент, 27 ақпан 2020 жыл.
Дулат Ағаділмен қоштасу рәсіміне келген белсенділер. Шымкент, 27 ақпан 2020 жыл.

Жиналғандар белсендінің өліміне кінәлілер жазаға тартылуы керек деді. Олардың қолында "Дулат Ағаділ қош бол!", "Біз Қазақ елі сені ұмытпаймыз" деген жазуы бар плакаттар, Ағаділдің суреттері болды.

Құран оқып жатқан кезде бір полиция қызметкері суретке түсіре бастап едіі, белсенділер "құран оқытуға да болмай ма, неге түсіресің?" деп оны қуып жіберді.

Оқиға орнында азаматтық киім киген он шақты полиция қызметкері жүрді.

Дулат Ағаділді жерлеген күні Ақтөбеде де белсенділер "Нұрдәулет" мешітіне жиналып, Ағаділді еске алып, құран бағыштады. Олар да Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, белсенділердің қуғындалуын сынады.

"Бұл заңсыз жиын. Тараңыздар!" деп келген қалалық әкімдік өкілі Елеусіз Нұрғалиевті жұрт ортадан түйгіштеп, шығарып жіберді.

Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдарды бақылап тұрған полиция. Ақтөбе, 27 ақпан 2020 жыл.
Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында көз жұмған белсенді Дулат Ағаділді еске алуға жиналған адамдарды бақылап тұрған полиция. Ақтөбе, 27 ақпан 2020 жыл.

Наразы топты әкімдік пен күштік құрылымдар қызметкерлері сырттай бақылап, видеоға түсіріп тұрды. Қолдарына Дулат Ағаділдің суретін ұстаған наразылар Ақтөбедегі орталық даңғылдың бойымен, "Нұрдәулет" мешіті және орталық стадион аралығын жаяу жүріп өтті. Бұдан соң белсенділер осы маңдағы дәмханаға қарай кетті. Оларды бақылап тұрған полиция қызметкерлері де соңдарынан ілесті.

27 ақпанда Тараздағы орталық мешітке 15 шақты адам жиналып, Дулат Ағаділдің рухына құран бағыштады.

- Біз енді жол қиындығына байланысты жерлеу рәсіміне бара алмадық. Бірақ қолымыздан келгенше осында бас имамға құран бағыштаттық, - деді мешіттен шыққаннан кейін Азаттық тілшісіне жиналғандардың бірі Ермұханбет Қалмаханбетұлы.

Мұнда жиналғандардың ешқайсысы Дулат Ағаділді көрмеген, бірақ интернет арқылы белсенділігі турал естігенін айтты.

27 ақпанда таңертең Ақмола облысы Талапкер ауылында белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жерлеу рәсіміне мыңнан астам адам жиналды. Олардың арасында аймақтан келген қоғам белсенділері, тіркелмеген "Көше партиясы" өкілдері, саясаткерлер болды.

Бұған дейін түрлі аймақта жаназаға бармақ болған белсенділерді полицияның ұстағаны хабарланған еді.

Полиция үйінен күштеп әкеткен белсенді 43 жастағы Дулат Ағаділдің Нұр-Сұлтанның тергеу абақтысында қайтыс болғаны туралы хабар ақпанның 25-і күні түстен кейін белгілі болған. Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдын ала дерегі бойынша, белсенді Ағаділ «жүрек талмасынан» көз жұмған. Белсенділер мен Ағаділдің таныстары оның жүрегі ауырмағанын айтады.

Оқи отырыңыз: "Әділетсіздікке қарсы күрескен белсенді"

Ағаділдің қазасынан соң Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде белсенділер полиция департаментіне жиналып, Ағаділдің жүрек талмасынан қаза болды дегенге күмән келтірді. Олар бұл жағдайға қазіргі билік жауапты деп, Қауіпсіздік кеңесінің басшысы Нұрcұлтан Назарбаевтың және сенат спикері Дариға Назарбаеваның отставкаға кетуін және үкіметтің тарауын талап етті.

26 ақпанда Алматыда 70-80 адам қалалық прокуратураға барып, Ағаділдің өлімін әділ әрі ашық зерттеуді талап етті.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG