Accessibility links

Ағаділ жаназасынан соң митингіге шықпақ болғандарды полиция ұстады


Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Көрнекі сурет.
Полицияның белсенділерді ұстау сәті. Көрнекі сурет.

27 ақпанда түстен кейін Нұр-Сұлтанда "Астана" концерт залының маңында полиция жиырмадан астам адамды ұстады деп хабарлады оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратқан ҚазТАГ агенттігі.

Бейсенбі күні таңертең Дулат Ағаділдің жаназасына қатысып, түстен кейін осында келген ондаған белсенді Ағаділдің өлімін зерттеу бойынша тәуелсіз комиссия құрып, оның құрамына қоғам белсенділерін кіргізуді талап етпекші болған. Бірақ полиция тіпті митинг жасап үлгермеген адамдарды әр жерден ұстап, автобусқа отырғызған. Олардың арасында белсенді Бибігүл Тұяқова, саясаткер Серікбай Әлібаев бар.

Белсенділер әлеуметтік желіде өздерін Алматы және Сарыарқа аудандық полиция басқармасына апарғанын хабарлады. Бибігүл Тұяқова полицияның өзімен бірге жеті азаматты бір газельде алып кеткенін, ұсталғандардың аты-жөндерін де айтты.

Азаттық тілшісі полициядан әзірге түсініктеме ала алмады. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі "деректі анықтап жатырмыз" деп айтқанмен нақты қанша адам ұсталғанын айтпады.

27 ақпанда Алматыда да белсенді Дулат Ағаділді еске алу шарасының соңы наразылыққа ұласқан. Мұнда Республика алаңындағы қаралы митингіден кейін ондаған белсенді қала прокуратурасына барып, қала прокурорының шығуын талап еткен еді.

27 ақпанда таңертең Ақмола облысы Талапкер ауылында осыдан екі күн бұрын Нұр-Сұлтандағы тергеу изоляторында жұмбақ жағдайда қаза болған белсенді Дулат Ағаділді ақтық сапарға шығарып салды. Жерлеу рәсімі өтіп жатқан кезде Алматы, Тараз, Ақтөбе, Шымкентте белсенділер Ағаділді еске алып, рухына құран бағыштады. Олар Ағаділдің өліміне билікті кінәлап, белсенділерді қуғындауды талап етті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG