Accessibility links

Жамбыл облысында "карантин режимін бұзды" деп айыпталған белсенді 10 тәулікке қамалды


Белсенді Бағдат Бақтыбаев. Белсендінің әйелі жіберген сурет.
Белсенді Бағдат Бақтыбаев. Белсендінің әйелі жіберген сурет.

Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны азаматтық белсенді Бағдат Бақтыбаев 6 сәуірде "төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін" он тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің әйелі хабарлады.

- Бағдат өзіміз тұратын аудан орталығындағы "Қазпошта" ғимаратында мемлекет беруге уәде еткен 42 500 теңгені алуға үмітті адамдардың тобын көріп, Facebook желісіне тікелей эфирге шығып, "үкімет карантин жағдайында халыққа жағдай жасамай жатыр" деген мазмұнда наразылығын білдірген. Кейін осы мәселемен жергілікті әкімдікке барған. Түс кезінде сол жерден полиция бөлімшесіне жеткізіп, онлайн сот өтіп, 10 тәулікке қамау туралы шешім шығарған, - деді белсендінің әйелі Диана.

Оның сөзінше, күйеуіне сәуірдің 6-сы күнгі Шу аудандық сотының 10 тәулік қамауға алу туралы жазасына тағы 18 күн қосылған.

- Биыл қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында өткен "қазақ-қытай шекарасын заңсыз кесті" деп айыпталған Шыңжаң қазақтары Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлының сотына қолдау көрсетуге барғанда "полицияға бағынбады" деп айыпталып, сол жақта 36 сағат қамауда отырып, қосымша 80 сағат қоғамдық жұмыс жасау міндеттелген. Бірақ Бағдат "жұмыс істемеймін" деген соң 80 сағатты 18 тәулік қамауға ауыстырған болатын. Сәуір айының 16-сында мерзімі келіп, қамауға алынуы тиіс еді. Енді міне сот болып, 10 тәулікке сол 18 тәулікті қосып, бас-аяғы 28 тәулікке қамалды, - дейді белсендінің әйелі.

Іске қатысты соттан қандайда бір комментарий алу мүмкін болмады. Алайда сот кабинетінің ресми сайтында жарияланған қаулыда Бағдат Бақтыбаевтың Әкімшілік кодекстің 478-бабын бұзғаны жазылған. Сот қаулысында жауапкердің Жамбыл облысы Шу ауданы Төле би ауылындағы "Қазпошта" ғимаратында тұрған халықты "заңсыз іс-әрекетке итермелегені", "карантин режимін" бұзғаны жазылған.

Бақтыбаев өзіне тағылған айыпты мойындамаған. Жауапкер жақ сот қаулысын апелляцияға бере ме, жоқ па әзірге белгісіз.

Сот қаулысы 6 сәуір күндізгі сағат 15:00-ден бастап күшіне енеді.

46 жастағы белсенді Бағдат Бақтыбаев биыл ақпанда Алматыда "Қазақстанда заң жоқ" деген жазуы бар плакатпен жалғыз адам пикетке шыққаны үшін 15 тәулікке қамалған болатын. Сот бұл пикетті "заңсыз" деп таныған. Бұған дейін оның Шыңжаң қазақтары Мұсаханұлы мен Әлімұлының сотында "полицейлерді балағаттап, сот залында ысқырғаны үшін" деп айыпталғаны хабарланған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG