Accessibility links

Мәжіліс қоғамда дау туғызған "Бейбіт жиын өткізу туралы" заң жобасын қабылдады, құжат сенатқа жолданды


Алматыдағы Oyan, Qazaqstan шеруі. Қараша айы, 2019 жыл.
Алматыдағы Oyan, Qazaqstan шеруі. Қараша айы, 2019 жыл.

8 сәуірде мәжіліс «Бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі» туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жіберді.

Заң жобасы туралы мәжілісте баяндама жасаған жұмыс тобының төрағасы депутат Қанат Мусин құжатты әзірлеген кезде халықаралық тәжірибе мен халықаралық мамандар, жергілікті сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің пікірі ескерілгенін айтты. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин 1995 жылы қабылданған "Бейбіт жиын туралы" заңның елеулі өзгеріске ұшырағанын айтып, құжаттың қабылдануын "ілгерілеушілік" деп атады. Құжат авторларының айтуынша, жобадағы елеулі өзгерістердің бірі - "ескерту сипатында" бейбіт жиын өткізуге рұқсат беру және әкімдіктен жауап болмаған жағдайда өтініштің "қанағаттандырылған" болып есептелетіні.

Бұған дейін бірқатар белсенділер жиналып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге үндеу хат жазып, заң жобасын асығыс қабылдамауды сұраған еді. Танымал құқық қорғаушы Евгений Жовтис «демократия қағидаларына түпкі мәні сай келмейтін жобамен шұғылданудан» бас тартып, жұмыс тобынан шыққан.

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы да төтенше жағдай кезінде халықтың заң жобасына қатысу мүмкіндігі жоғын айтып, заң жобасын талқылауды кейінге қалдыруға шақырған еді.

8 сәуірде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Facebook-та депутаттардың құқық қорғаушылар ұсынған балама заң жобасын қарастырмағанын айтып, пікірін айтты.

Оқи отырыңыз: «Бейбіт жиын" туралы заң жобасы жеткілікті талқыланды ма?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы маусым айындағы сайлаудан кейін бейбіт жиын туралы заң қабылдауға уәде беріп, митинг өткізу үшін ескертуді ғана талап ететін құжат қабылдауға уәде берген. Биыл ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбіт жиын туралы заң жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжатпен танысып шыққан құқық қорғаушылар мен белсенділер қазіргі заң сияқты ондағы ережелердің халықаралық стандартқа сәйкес келмейтінін айтқан.

Құжатқа сәйкес, Тоқаев уәде еткен “ескерту сипатындағы” митингілер қатысушылар саны 250-ден аспайтын кішігірім жиындарға ғана қатысты. Ал ірі митингілер үшін биліктен рұқсат алу керек. Құжатта сонымен бірге митингіні арнайы белгіленген орындарда ғана өткізу керек деген талап бар және бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғандар бұрынғыдан қатаңырақ жазаланады.

Қарай отырыңыз: Құқық қорғаушылар сынаған митинг заңын мәжіліс мақұлдады (26 наурыз 2020 жыл).

Құқық қорғаушылар сынаған митинг заңын мәжіліс мақұлдады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG