Қызылордада "полиция қызметкерінің талабына бағынбады" деп айыпталып, бес күнге қамалған белсенді Мұратбай Баймағамбетов 7 сәуірде кешке босап шықты.
Баймағамбетов "билікті сынап, пікір айтқаным үшін қамалдым" деп есептейді. Оның сөзіне қарағанда 1 сәуірде облыстық әкімдікке бірнеше талаппен барып, әкімдік өкілдерінен жауап алуға тырысқан. Қамалуына "түрткі болған оқиға" сол кезде болған.
- Сол күні көп балалы әйелдер де әкімдікке барған. Өз басым Қызылордада жолақы құнын елу пайызға арзандатуды (қазір билет құны 90 теңге), бензин бағасын екі пайызға төмендетуді талап етіп келгенмін. Бұған қоса, 42 500 теңге көлемінде көмекті қалай алу керектігін сұрағым келген. Сол жерде жүрген әкімдік өкілі қаржылай көмекті алу үшін маған 2650 теңге төлейсің деді. "Сонда Нұрсұлтан Назарбаев халық ақшасын жинап, өзіне қайта қайтарып бере ме?" деп сұрақ қойған едім. Сәлден соң полиция қызметкерлері келіп, қолымды қайырып, бөлімшеге әкелді. Бұдан соң Әкімшілік кодекстің 667-бабы ("полицей талабына бағынбау") бірінші тармағы бойынша іс қозғады" деді Мұратбай Баймағамбетов.
Оның айтуынша, ертесінде сот өтіп, бес күнге қамалған. Ал сот қаулысында Баймағамбетовтің "құқық қорғау қызметкерлерінің талабына бағынбағаны, жұмысына кедергі келтіргені" жазылған. Оның бұл "әрекеті оқиға кезіндегі видеолармен дәлелденгені" де көрсетілген. Бірақ онда оқиғаның жай-жапсары толық жазылмаған.
Сейсенбі күні бостандыққа шыққан Мұратбай Баймағамбетов әкімшілік жазаға тартылғандарды қамау мекемесіндегі жағдайдың нашар екенін айтып, тамақ сапасына шағымданды.
Қызылордада 1 сәуірде облыстық әкімдік алдында билікті сынап, өлең оқыған әйел Ақжан Ноғаеваны да полиция ұстап әкеткен еді. Байғамбетовтің айтуынша, полиция әйелді кейінірек босатқан.
Қарай отырыңыз: "Кедейдің кебін киеміз..." Қызылордада полиция әкімдік алдында өлең оқыған әйелді ұстап әкетті (1 сәуір 2020 жыл).
Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы наурыз айында президенттіктен кеткен, бірақ ол "Нұр Отан" партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікте қалған еді. Ол жақында коронавирус қаупі туралы айтып, халықты қаржы жинап, мемлекетке көмектесуге шақырған. Оның ұсынысын кейбір сарапшылар сынады.
ПІКІРЛЕР