Accessibility links

Қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев уақытша ұстау изоляторына қамалды


Алматы қалалық полиция департаментінің алды. Көрнекі сурет.
Алматы қалалық полиция департаментінің алды. Көрнекі сурет.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораев уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы 18 сәуірде кешке қарай Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады. Полицияның айтуынша, "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" (Қылмыстың кодекстің 274-бабы, 4-тармағы) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

"Шораев мырза әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан. Өзінің әрекеттерімен төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян тигізген. Шораев мырза Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр" делінген полиция хабарламасында.

Арман Шораев былтыр халық наразылығы өршіген тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кірген еді. Ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған "Бейбіт митинг туралы" заң жобасына қарсылығын білдірген Шораев "жоба осы күйінде қабылданса, кеңес құрамынан шығатынын" мәлімдеген. Кейінірек кеңестен шығарылғаны белгілі болды.

17 сәуірде полиция "жалған ақпарат таратты" деген күдікпен белсенді Әлнұр Ильяшевті де ұстаған.

49 жастағы Арман Шораев 2004-2006 жылдары "Хабар" АҚ-ын басқарған. Кейінірек президент әкімшілігінде саяси-қоғамдық бөлімде бас инпектор болған.

2007 жылдың маусымы мен 2014 жылдың қараша айлары аралығында КТК арнасының ("Коммерциялық телеарна") бас директоры болған.

Қылмыстық кодексте "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Құқық қорғаушылар "билік бұл бапты қоғамда өзгеше ойлайтындарды қудалау үшін пайдаланады" деп сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG