Жандарбек Бекшин Алматы қаласының тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігі департаментінің басшысы болып тағайындалды. Ол 20 наурызға дейін Қазақстанның бас санитар дәрігері болған.
Бекшинді тағайындау туралы бұйрыққа 18 сәуірде денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы қол қойған.
Бұған дейін Алматы қаласының бас санитар дәрігері қызметін Айзат Молдағасымова атқарған. Осы аптада қаладағы бірқатар медицина қызметкерлері оның айтқандарына наразылық білдірген.
13 наурызда Айзат Молдағасымова 200-ден астам қызметкерінен коронавирус табылған Алматы орталық қалалық клиникалық ауруханасында дәрігерлер "қажетті дәрежеде сақтық шараларын жасамады" деп айтқан болатын. Ал дәрігерлер мен медбикелер бұл тұжырыммен келіспей, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазған. Кейбір дәрігерлер бас санитар дәрігерін сотқа беретінін айтқан.
Дәрігерлердің айтуынша, олар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен орталық қалалық клиникалық ауруханаға жедел респираторлық вирус инфекциясы (ОРВИ) мен өкпе ауру белгілері байқалған науқастарды қабылдауға мәжбүр болған. Осы аптада қызметінен кеткен аурухананың бұрынғы бас дәрігері Алмаз Джувашев бұл бұйрықты "қауіпті" деп атаған.
Оқи отырыңыз: Алматының орталық ауруханасы вирус ошағына айналды. Карантиндегі дәрігерлер не дейді?
Денсаулық сақтау министрлігінде ұзақ жыл жұмыс істеген Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирус 11-16 наурыз аралығында табылуы мүмкін деп болжам жасағаннан кейін бір аптадан соң қызметінен кеткен. Бекшиннің айтқандары әлеуметтік желіде қызу талқыланып, түрлі мемдер де пайда болған. Ал денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Бекшиннің математикалық модельдеуге сүйеніп, болжам жасағанын, расталмауы да мүмкін деп айтқан.
Алайда Бекшиннің болжамы расталды. Қазақстанда 13 наурызда алғаш рет коронавирус жұққан бірнеше науқас анықталды. 18 сәуір күнгі мәлімет бойынша Қазақстанда 1630 адамнан коронавирус табылған. Олардың 423-і - медицина қызметкері.
ПІКІРЛЕР