Арман Шораев қолхатпен бостандыққа шықты. Бұл хабарды әлеуметтік желі арқылы адвокат Жохар Өтебеков таратты.
- Біз ішкі істер министрлігінен шығып, үйге бара жатырмыз. Бәрі жақсы, Арман қамауда отырмайды. Қолхатпен бостандыққа шықты,- деп жазды ол Facebook парақшасына.
18 сәуірде кешке қарай Алматы қалалық полиция департаменті ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған. Полицияның айтуынша, оның үстінен Қылмыстың кодекстің 274-бабы, 4-тармағы ("төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Шораев мырза әлеуметтік желілер арқылы бірнеше рет шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратқан. Өзінің әрекеттерімен төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндіріп, қоғам мен мемлекет мүддесіне зиян тигізген. Шораев мырза Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128-бабы бойынша ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр" делінген полиция хабарламасында.
17 сәуірде полиция "жалған ақпарат таратты" деген күдікпен белсенді Әлнұр Ильяшевті де ұстаған.
Арман Шораев 2019 жылы маусымдағы президент сайлауынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев құрған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрамына кірген еді. Ақпан айында ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынған "Бейбіт митинг туралы" заң жобасына қарсылығын білдірген Шораев "жоба осы күйінде қабылданса, кеңес құрамынан шығатынын" мәлімдеген. Кейінірек кеңестен шығарылғаны белгілі болды.
Қылмыстық кодексте "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Билікті ашық сынап жүрген бірнеше азаматтық белсенді өткен аптаның соңында "Төтенше жағдай режимін бұзды" не "Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты" деген айыппен қамалған соң құқық қорғаушылар "билік төтенше жағдай режимін пайдаланып, өзін сынайтындарды жазалауды күшейтті деп санайтынын" білдірген.
ПІКІРЛЕР