Ресей президенті Владимир Путин Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу уақытын 2 қыркүйектен 3 қыркүйекке жылжыту туралы заңға қол қойды. Құжат ресейлік құқықтық порталда жарияланды.
Парламенттің жоғары палатасы оны 17 сәуірде мақұлдаған.
"1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына Совет одағының Жапонияны жеңуі зор ықпал етті" делінген заң жобасына берілген түсініктемеде. Совет одағында бұл күн 3 қыркүйек деп белгіленген. Бірақ бұл күн екі рет қана - 1945 және 1946 жылы атап өтілген. Кейінірек СССР мен әлемнің өзге елдерінде екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуы ресми түрде 2 қыркүйек деп белгіленді, себебі дәл осы күні Жапония капитуляция актісіне қол қойған.
Ресейдің қазіргі заңнамасында Екінші дүниежүзілік соғыс 2 қыркүйекте аяқталды деп жазылған.
Ресей президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі кеңес бұл шешіммен келіспейтінін айтты. Кеңес өкілдерінің айтуынша, 3 қыркүйек - Бесландағы террористік шабуылдан қаза болғандарды еске алу күні. 2004 жылы Солтүстік Осетияда болған оқиғадан 334 адам қаза болған. Бұл екі оқиғаны бір күнде қатар атап өту қолайсыздық тудыруы мүмкін.
Ал Қауіпсіздік федерациясының басшысы Валентина Матвиенко заңды қолдап, заң жобасы төңірегіндегі "даудың артық екенін" айтқан.
Кейбір ақпарат құралдары Кремльдегі құпия дереккөзге сүйене отырып, 9 мамырға жоспарланып, бірақ коронавирусқа байланысты кейінге шегерілген әскери парадтың 3 қыркүйекте өтуі мүмкін екенін хабарлады. Парадқа шақырылған Чехия президенті Милош Земан да осыны айтқан.
Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадтың нақты қай күні өтетіні әзірге белгісіз. Бұған дейін Путин биыл міндетті түрде парад өтеді деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР